Жарияланған күні: 06.11.2017 17:55
Өзгертілген күні: 06.11.2017 17:58

1995 жылғы 23 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Байқоңыр қаласының мәртебесі және ондағы атқарушы өкімет органдарын құрудың тәртібі мен олардың мәртебесі туралы келісімге өзгерістер енгізілді

 

2016 жылғы 12 сәуірде Мәскеу қаласында қол қойылған  1995 жылғы 23 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Байқоңыр қаласының мәртебесі және ондағы атқарушы өкімет органдарын құрудың тәртібі мен олардың мәртебесі туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттамасының салық салу тәртібіндегі өзгерістер бөлігі 2017 жылғы 5 шілдеде күшіне енді.

Жанама салық салу тәртібі бөлігіне өзгерістер енгізілді. Осылайша, 21-1 бабына сәйкес, Байқоңыр қаласының салық органында тіркелген дара кәсіпкер немесе заңды тұлға және Қазақстан Республикасының өзге аумағында тіркелген дара кәсіпкер немесе заңды тұлға арасында жасалатын тауарларды өткізу бойынша айналымдарға (операцияларға) Байқоңыр қаласының аумағынан Қазақстан Республикасының өзге аумағына тауарлар әкетілетін немесе Қазақстан Республикасының өзге аумағынан Байқоңыр қаласының аумағына тауарлар әкетілетін жағдайда - нөлдік ставка бойынша қосылған құн салығы (бұдан әрі - ҚҚС) салынады және акцизделетін тауарларға қатысты акциздер төлеуден босатылады. Осындай операцияларды жүзеге асыру кезінде аталған тұлғалардың осы мемлекеттердің аумағынан Еуразиялық экономикалық одақтың шегінен тыс жерлерге экспортталған тауарларға қатысты қолданылатын, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының заңнамасында көзделген осыған ұқсас тәртіппен салықтық шегерімдерді (есепке жатқызуларға) жүргізуге құқығы бар.

ҚҚС-тің нөлдік ставкасын қолдану және (немесе) әкетілетін тауарлар бойынша акциздерді төлеуден босату негізділігі осы баптың 5-тармағында көзделген құжаттармен расталады.

Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әкелу кезінде салық салынуға жатпайтын (салық салудан босатылатын) тауарларды қоспағанда, Байқоңыр қаласының аумағынан Қазақстан Республикасының өзге аумағына тауарлар әкелуге Қазақстан Республикасының салық органдары өндіріп алатын және Қазақстан Республикасының бюджетіне төленетін Қазақстан Республикасының Салық кодексінде белгіленген ставкалар бойынша жанама салықтар салынады.

Қазақстан Республикасының өзге аумағынан Байқоңыр қаласының аумағына тауарлар әкелуге Ресей Федерациясының заңнамасына сәйкес, Ресей Федерациясының аумағына және оның юрисдикциясында болатын өзге аумаққа әкелу кезінде салық салуға жатпайтын (салық салудан босатылатын) тауарларды қоспағанда, Байқоңыр қаласының салық органы өндіріп алатын Ресей Федерациясының Салық кодексінде белгіленген ставкалар бойынша жанама салықтар салынады.

Байқоңыр қаласының аумағынан Қазақстан Республикасының өзге аумағына (Қазақстан Республикасының өзге аумағынан Байқоңыр қаласының аумағына) тауарларды әкелу кезінде тауарлардың бір заңды тұлға шегінде берілуіне байланысты (Тараптардың заңнамасында осындай тауарларды әкелу (әкету) туралы салық органдарын хабардар ету жөнінде міндеттеме белгіленуі мүмкін) жанама салықтар өндіріп алынбайды.
        ҚҚС-тың нөлдік ставкасын қолданудың және (немесе) акциздерді төлеуден босатудың негізділігін растайтын құжаттар мыналар:

1) олардың негізінде тауарларды Қазақстан Республикасының өзге аумағынан (өзге аумағына) Байқоңыр қаласының аумағына (аумағынан) өткізу және әкету жүзеге асырылатын шарттар (келісімшарттар) (егер бұл Тараптардың заңнамасында көзделсе, олардың көшірмелері);

2) егер Тараптардың заңнамасында өзгеше көзделмесе, тауарларды өткізуден түскен түсімнің іс жүзінде түсуін растайтын банктің үзінді көшірмесі;

3) Қазақстан Республикасы салық органының немесе Байқоңыр қаласы салық органының белгісі бар, тауарды сатып алушының орналасқан (тұрғылықты) жері бойынша жанама салықтарды төлегені (салық міндеттемелерінен босатылғаны немесе оларды өзге тәртіппен орындағаны) туралы тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтініші (бұдан әрі - өтініш) не өтініштер тізбесі (қағаз жеткізгіште немесе салық төлеушінің электрондық (электрондық цифрлық) қолтаңбасымен электрондық түрде). Өтініштің және өтініштер тізбесінің нысандары, сондай-ақ оларды толтыру тәртібі мен форматтары Тараптардың салық органдарының нормативтік құқықтық актілерінде не Тараптардың өзге нормативтік құқықтық актілерінде айқындалады;

4) Байқоңыр қаласының аумағынан Қазақстан Республикасының өзге аумағына тауарлардың әкетілуін немесе Қазақстан Республикасының өзге аумағынан Байқоңыр қаласының аумағына тауарлардың әкетілуін растайтын көліктік (тауарларға ілеспе) және (немесе) өзге де құжаттар;

5) егер бұл тауарларды әкету кезінде Тараптардың салық заңнамасында көзделсе, КҚС-тың нөлдік ставкасын қолданудың және (немесе) акциздерді төлеуден босатудың негізділігін растайтын өзге де құжаттар болып табылады.
      12-2-бабына сәйкес жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету кезінде жанама салықтарды өндіріп алу, егер бұл аумақ жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізу орны болып танылатын жағдайда Байқоңыр қаласының аумағында немесе Қазақстан Республикасының өзге аумағында жүзеге асырылады.
       12-2 бабының 2 тармағына сәйкес, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізу орны:

1) егер жұмыстар, көрсетілетін қызметтер тікелей жылжымайтын мүлікпен байланысты болса, жылжымайтын мүліктің орналасқан орны бойынша айқындалады.

Осы тармақшаның ережелері жылжымайтын мүлікті жалға беру, жалдау және өзге де негіздерде пайдалануға беру жөніндегі көрсетілетін қызметтерге қатысты да қолданылады;

2) егер жұмыстар, көрсетілетін қызметтер тиісті аумақта орналасқан жылжымалы мүлікпен, көлік құралдарымен тікелей байланысты болса, жылжымалы мүліктің, көлік құралдарының орналасқан жері бойынша;

3) егер мәдениет, өнер, оқу (білім беру), дене шынықтыру, туризм, демалыс және спорт саласында қызметтер көрсетілсе, іс жүзінде қызметтер көрсету орны бойынша;

4) егер мынадай қызметтер көрсетілсе:

консультациялық, заң, бухгалтерлік, аудиторлық, инжинирингтік, жарнамалық, дизайнерлік, маркетингтік көрсетілетін қызметтер, ақпаратты өңдеу жөніндегі көрсетілетін қызметтер, сондай-ақ ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-конструкторлық және тәжірибелік-технологиялық (технологиялық) жұмыстар;

электрондық есептеу машиналарына арналған бағдарламалар мен дерекқорларды (есептеу техникасының бағдарламалық құралдары мен ақпараттық өнімдерін) әзірлеу, осындай бағдарламалар мен дерекқорларды бейімдеу және түрлендіру, сүйемелдеу жөніндегі жұмыстар, көрсетілетін қызметтер;

егер персонал сатып алушының қызмет орнында жұмыс істеген жағдайда, персонал беру жөнінде көрсетілетін қызметтер, көрсетілетін қызметтерді сатып алушының салық органдарында тіркелу орны бойынша айқындалады.

Осы тармақшаның ережелері:

патенттерді, лицензияларды, мемлекет қорғайтын өнеркәсіптік меншік объектілеріне құқықтарды куәландыратын өзге де құжаттарды, сауда маркаларын, тауар белгілерін, фирмалық атауларды, қызмет көрсету белгілерін, авторлық, сабақтас құқықтарды немесе өзге де осыған ұқсас құқықтарды беру, ұсыну, басқаға беру;

көлік құралдарын жалға беруді, олардың лизингін және өзге де негіздерде пайдалануға беруді қоспағанда, жылжымалы мүлікті жалға беру, оның лизингі және өзге де негіздерде пайдалануға беру;

осы тармақшада көзделген жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету үшін шартқа (келісімшартқа) негізгі қатысушы үшін өзінің атынан тартатын тұлғаның не шартқа (келісімшартқа) негізгі қатысушының атынан басқа тұлғаның қызметтер көрсетуі кезінде де қолданылады;

5) егер осы тармақтың 1 - 4-тармақшаларында көзделмеген жұмыстар орындалса (қызметтер көрсетілсе), сатушының салық органдарында тіркелу орны бойынша да қолданылады.

Осы тармақшаның ережелері көлік құралдарын жалға беру, олардың лизингі және өзге де негіздерде пайдалануға беру кезінде де қолданылады.

Жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізу орнын растайтын құжаттар:

1) жұмыстарды орындауға, қызметтерді көрсетуге арналған шарт (келісімшарт);

2) жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету фактісін растайтын құжаттар;

3) Тараптардың салық заңнамасында көзделген өзге де құжаттар болып табылады.

Егер Байқоңыр қаласының аумағы жұмыстарды өткізу, қызметтерді көрсету орны болып танылса, онда жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету кезінде салықтық база, жанама салықтардың ставкалары, оларды өндіріп алу тәртібі және салықтық жеңілдіктер (салық салудан босату) Ресей Федерациясының Салық кодексіне сәйкес айқындалады.

Егер Қазақстан Республикасының өзге аумағы жұмыстарды өткізу, қызметтерді көрсету орны болып танылса, онда жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету кезінде салықтық база, жанама салықтардың ставкалары, оларды өндіріп алу тәртібі және салықтық жеңілдіктер (салық салудан босату) Қазақстан Республикасының Салық кодексіне сәйкес айқындалады.
      
                                                                                                                      Түсіндіру жұмысы басқармасы