Жарияланған күні: 29.04.2015 15:59
Өзгертілген күні: 29.04.2015 16:16

Қосылған құн салығының асып кеткен сомасын қайтару

қағидаларын бекіту туралы

 

 

«Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 10 желтоқсандағы Заңының
35-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

1. Қоса беріліп отырған Қосылған құн салығының асып кеткен сомасын қайтару қағидалары бекітілсін.

2. Осы қаулы 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

 

 

Қазақстан Республикасының

         Премьер-Министрі                                                               К. Мәсімов

 

 

 

 

  

Қазақстан Республикасы

Үкiметiнiң

            2011 жылғы «   »

№    қаулысымен

бекiтiлген

 

 

Қосылған құн салығының асып кеткен сомасын қайтару қағидалары

 

 

1. Жалпы ережелер

 

1. Осы Қосылған құн салығының асып кеткен сомасын қайтару қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2008 жылғы
10 желтоқсандағы Заңының (бұдан әрі – Заң) 35-бабына сәйкес әзірленген және қосылған құн салығының (бұдан әрі - ҚҚС) асып кеткен сомасын қайтару тәртібін белгілейді.

 

 

2. Қосылған құн салығының асып кеткен сомасын қайтару тәртібі

 

2. ҚҚС-тың асып кеткен сомасын қайтару мыналардың:

1) 2009 жылғы 1 қаңтарға дейін жасалған нөлдік ставка бойынша салық салынатын айналымдар бойынша ҚҚС-тың асып кеткен сомасын қайтару туралы салықтық өтініштің (бұдан әрі – ҚҚС-ты қайтару туралы өтініш) не «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» 2008 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) (бұдан әрі – Салық кодексі) 272-бабы 2-тармағының ережелері ескеріле отырып, 2009 жылғы 1 қаңтардан кейін қалыптасқан асып кетуі бойынша ҚҚС-тың асып кеткен сомасын қайтару туралы талап (бұдан әрі – ҚҚС-ты қайтару туралы талап) көрсетілген салық кезеңі үшін ҚҚС бойынша декларацияның;

2) «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» 2001 жылғы 12 маусымдағы Қазақстан Республикасының кодексінде (Салық кодексі) немесе нөлдік ставка бойынша салық салынатын айналымдарды растау мақсаты үшін Салық кодексінде көзделген құжаттардың;

3) қайтаруға ұсынылған ҚҚС-тың асып кеткен сомасының дұрыстығын растайтын салықтық тексеру актісінің не Салық кодексінің 635-бабы
10-тармағында
көзделген жағдайларда салықтық тексеру актісіне салық органының қорытындысының (бұдан әрі – актіге қорытынды) негізінде жүргізіледі.

ҚҚС-ты қайтару туралы өтініштердің негізінде ҚҚС-тың асып кеткен сомасын қайтару туралы осы тармақтың 1) тармақшасының ережелері, сондай-ақ осы тармақтың 2), 3) тармақшаларының ережелері ҚҚС-тың асып кеткен сомасын қайтарудың оңайлатылған тәртібіне құқығы бар салық төлеушілерге ҚҚС-тың асып кеткен сомасын қайтаруды жүзеге асыру кезінде қолданылмайды.

3. Тауарларды, жұмыстарды, қызметтерді сатып алуға байланысты қалыптасқан, пайдалануға енгізілетін негізгі құралдар, жылжымайтын мүлікке инвестициялар, сатып алынған биологиялық активтер бойынша ҚҚС-тың асып кеткен сомасын қайтару кезінде:

негізгі құралдар объектілерінің пайдалануға енгізілуін растайтын құжаттар – халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес айқындалатын құжаттар қаралады.

Осы тармақтың мақсаттары үшін мынадай ұғымдар қолданылады:

жылжымайтын мүлікке инвестициялар – жалдау төлемдерін немесе капитал құнының өсімін немесе екеуін де алу мақсатында, бірақ:

1) өндірісте немесе тауарларды жеткізуде, қызметтер көрсетуде пайдалану үшін, әкімшілік мақсаттарда; немесе

2) қарапайым шаруашылық қызмет барысында сату мақсатында емес иеліктегі (меншік иесіндегі немесе қаржылық жалдау шарты бойынша жалға берушідегі) жылжымайтын мүлік (жер немесе ғимарат не ғимараттың бір бөлігі не екеуі де);

биологиялық актив – тіршілік ететін жануар немесе өсімдік.

4. Салық органы ҚҚС-ты қайтару туралы талапты және (немесе) ҚҚС-ты қайтару туралы өтiнiштi алғаннан кейiн қайтаруға ұсынылған ҚҚС сомаларының дұрыстығын растау бойынша тақырыптық салықтық тексеру тағайындайды.

5. Осы Қағидалардың 4-тармағында көрcетiлген тақырыптық тексеру тағайындалғаннан кейiн салық органы ақпараттық жүйенi қолдана отырып, тексерiлетiн салық төлеушi бойынша мынадай талдамалық есептерді қалыптастырады:

1) ҚҚС-ты қайтару туралы өтiнiш бойынша – жеткізушілер бойынша талдамалық есеп;

2) ҚҚС-ты қайтару туралы талап бойынша – жеткізушілер және сатып алушылар бойынша талдамалық есеп.

ҚҚС-тың асып кеткен сомасын қайтарудың оңайтылған тәртібін қолданған тұлғаларға бюджеттен қайтарылған ҚҚС сомаларының дұрыстығын растау бойынша тексерулер жүргізген кезде салық органы жеткізушілер мен сатып алушылар бойынша талдамалық есеп қалыптастырады.

Жеткізушілерде және (немесе) сатып алушыларда бұзушылықтар анықталған кезде мiндеттi қарсы салықтық тексеру жүргiзiледi немесе мониторингке жататын iрi салық төлеушiлер бойынша салықтық бақылауды жүзеге асыратын салық қызметi органына сұрау салу жіберіледі.

Егер қарсы тексеру жүргізу кезінде жеткізуші таратылуына байланысты қызметін тоқтатқан және мұндай жеткізушіге қатысты тарату салықтық тексеруі жүргізілген жағдайда, есепке жатқызылған ҚҚС сомаларын растау өткізілген тауарлар, орындалған жұмыстар және көрсетілген қызметтер бойынша шот-фактуралардың тізілімінің негізінде жүргізіледі.

Егер қарсы тексеру жүргізу кезінде жеткізуші таратылуына байланысты қызметін тоқтатқан және мұндай жеткізушіге қатысты тарату салықтық тексеруі жүргізілмеген жағдайда, онда осындай жеткізуші жазып берген шот-фактурада көрcетiлген ҚҚС сомасы бюджеттен қайтаруға жатпайды.

Егер қарсы тексеру жүргізу кезінде 2009 жылдың 1 қаңтарына дейін шот-фактура жазып берген жеткізуші таратылуына байланысты қызметін тоқтатқан, бірақ шот-фактурада көрсетілген өткізу күнінде ҚҚС төлеушi болып табылған жағдайда, мұндай жеткізуші жазып берген шот-фактурада көрcетiлген ҚҚС сомасы бюджеттен қайтаруға жатпайды.

Банкроттық себебінен қызметін тоқтатуына байланысты жеткізушіге қарсы тексеру жүргізу мүмкін болмаған жағдайда, осындай жеткізуші конкурстық іс қозғалғанға дейінгі кезеңде жазып берген шот-фактуралар бойынша есепке жатқызылған ҚҚС сомасын растау өткізілген тауарлар, орындалған жұмыстар және көрсетілген қызметтер бойынша шот-фактуралар тізілімінің негізінде жүргізіледі.

Осындай жеткізуші конкурстық іс қозғалғаннан кейінгі кезеңде жазып берген шот-фактураларда көрсетілген ҚҚС сомасы бюджеттен қайтаруға жатпайды.

Банкроттық себебінен қызметін тоқтатқан, 2009 жылдың 1 қаңтарына дейін шот-фактура жазып берген жеткізушіге қарсы тексеру жүргізу мүмкін болмаған жағдайда, осындай жеткізуші жазып берген шот-фактура көрcетiлген ҚҚС сомасы бюджеттен қайтаруға жатпайды.

Егер салықтық тексеру басталғанға дейiн салық төлеушiде қайтаруға ұсынылған ҚҚС-тың асып кеткен сомасы жоқ екені анықталған жағдайда, салық органы он жұмыс күні ішінде салық төлеушіге ҚҚС-ты қайтару туралы өтінішті немесе ҚҚС-ты қайтару туралы талапты қараудан жазбаша бас тарту жібереді.

Осы тармақтың ережелері оған қатысты қайтарудың оңайлатылған тәртібі қолданылған салық төлеушіге бюджеттен қайтарылған ҚҚС сомаларының дұрыстығын растау бойынша тексеру жүргізу кезінде де қолданылады.

6. Қайтаруға ұсынылған ҚҚС сомаларының дұрыстығын растау бойынша ҚҚС-ты қайтару туралы талаптардың негізінде тақырыптық тексерулер жүргізу тәртібі Салық кодексiнiң 635-бабында айқындалған.

7. 2009 жылдың 1 қаңтарына дейін қалыптасқан есепке жатқызылатын ҚҚС сомасының есептелген ҚҚС сомасынан асып кетуі бойынша бюджетпен өзара қатынасының тәртібі Заңның 25-бабында айқындалған.

8. ҚҚС-тың асып кеткен сомасын қайтару мерзімдерін сақтау мақсатында салық органы салықтық тексеру жүргізу басталған күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде қарсы тексеруге жататын жеткізушілердің тізбесін айқындайды және осындай жеткізушілерге қарсы тексерулер жүргізу туралы сұрау салулар, сондай-ақ мониторингке жататын ірі салық төлеуші жеткізушілер табыс ететін салық есептілігінің негізінде қайтаруға ұсынылған ҚҚС сомаларының дұрыстығын растау бойынша сұрау салулар жібереді.

Қарсы тексеру жүргізу туралы сұрау салуды алған салық органы мұндай тексерудi сұрау салуды алған күннен бастап он жұмыс күнінен аспайтын мерзiмде жүргiзедi.

Егер тексерілетін салық төлеушінің жеткізушісі қайтаруға ұсынылған ҚҚС-тың асып кеткен сомаларының дұрыстығын тақырыптық тексеру аяқталғанға дейін бұрын жіберілген сұрау салу бойынша қарсы тексеру жүргізу кезінде анықталған бұзушылықтарды жойған жағдайда, салық органы тіркеу есебінде жеткізуші тұрған салық органының ақпараты негізінде жүргізіліп жатқан тақырыптық тексеру шеңберінде қайта қарсы тексеру жүргізу туралы сұрау салу жібереді.

9. Қызметін арнайы экономикалық аймақтар аумағында (бұдан әрі – АЭА) жүзеге асыратын ұйымдардың АЭА құру мақсатына сай келетін қызметін жүзеге асыру мақсатында АЭА аумағына әкелінген тауарларды тұтыну фактісін, сондай-ақ инфрақұрылым объектілерінің, әкімшілік және тұрғын үй кешендерінің құрылысы процесінде «Астана – жаңа қала» АЭА аумағында қызметін жүзеге асыратын ұйымдардың «Астана – жаңа қала» АЭА аумағына әкелінген тауарларды тұтыну фактісін растау үшін салық органы осындай АЭА аумағындағы салық органына сұрау салу жібереді.

10. Салықтық тексеру аяқталған күнге:

1) жеткізушімен өзара есеп айырысулардың дұрыстығын растау үшін қарсы тексеру жүргізуге сұрау салуларға электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған жауаптардың алынбаған және (немесе) егер тексерілетін салық төлеушінің жеткізушісі бұрын жіберілген сұрау салулар бойынша қарсы тексерулер жүргізу кезінде анықталған бұзушылықтарды жоймаған;

2) бұрын жіберілген сұрау салулар бойынша салық қызметi органының алынған жауаптары негiзінде мониторингке жататын iрi салық төлеушi бойынша ҚҚС сомаларының дұрыстығы расталмаған сомалар шегінде ҚҚС-тың асып кеткен сомасын қайтару жүргізілмейді.

11. Салықтық тексеру актісінде қайтарылмаудың себептері туралы ақпарат мiндеттi түрде көрсетіледі.

Салықтық тексерулер аяқталған күнде жеткізушілерде белгіленген, жойылмаған бұзушылықтар болған кезде салық органы салықтық тексеру актісіне осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша аумақтық салық органдарына жіберілген қарсы тексерулер жүргізуге сұрау салулардың және (немесе) анықталған бұзушылықтарды жоюға жазбаша сұрау салулардың тізілімін қоса береді.

12. Егер салықтық тексеру нәтижелері бойынша 2009 жылдың 1 қаңтарына дейін жасалған нөлдік ставка бойынша салық салынатын айналымдар бойынша қайтаруға мәлімделгеннен көп ҚҚС сомасы расталған жағдайда салық төлеуші салықтық тексеру актісімен расталған ҚҚС сомасы мен қайтаруға мәлімделген ҚҚС сомасы арасындағы айырма шегінде мәлімделген салық кезеңі (салық кезеңдері) үшін ҚҚС-ты қайтару туралы өтінішті бере алады.

Бұл жағдайда салық органы салықтық тексеруді жүргізбей, осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген өтініш пен салықтық тексеру актісі негізінде қайтаруды жүргізеді.

13. Егер 2009 жылдың 1 қаңтарына дейін жасалған нөлдік ставка бойынша салық салынатын айналымдар бойынша салықтық тексеру аяқталғаннан кейін кедендік жүк декларациясын тапсыру, валюта түсімінің түсуі себептерінен тексерілген кезең үшін ҚҚС-ты қайтару туралы өтініш табыс етілген жағдайда, жеткізушілер бойынша талдамалық есеп қалыптастырылмай салықтық тексеру жүргізіледі.

Қалған жағдайларда, егер 2009 жылдың 1 қаңтарына дейін жасалған нөлдік ставка бойынша салық салынатын айналымдар бойынша салықтық тексеру аяқталғаннан кейін тексерілген кезең үшін, оның ішінде салық есептілігінің қосымша нысанын тапсыру себебінен ҚҚС қайтару туралы өтініш берілсе, жеткізушілер бойынша талдамалық есеп қалыптастырылады және салықтық тексеру жүргізіледі.

14. ҚҚС-тың асып кеткен сомасын қайтаруды салық органдары салықтық тексеру актісімен (оның ішінде жеткізушілермен өзара есеп айырысулардың дұрыстығын растау үшін қарсы тексеру жүргізуге сұрау салудан алынған электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған жауаптар бойынша, тексерілетін салық төлеушінің жеткізушісі қарсы тексерулер жүргізу кезінде анықталған бұзушылықтарды жою фактісі бойынша, бұрын жіберілген сұрау салулар бойынша салық қызметі органынан алынған жауаптар негізінде мониторингке жататын ірі салық төлеушілер бойынша ҚҚС-тың расталған сомалары бойынша) не актіге қорытындымен расталған, сондай-ақ ҚҚС-ты қайтару туралы өтініште немесе ҚҚС-ты қайтару туралы талапта көрсетілген ҚҚС сомасы шегінде жүзеге асырады.

15. Салықтық тексеру актісіне не актіге қорытындыға қол қойылған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде ҚҚС төлеуші салық органына салықтарды, басқа да міндетті төлемдерді, өсімпұлдар мен айыппұлдарды есепке жатқызу және қайтару жүргізуге салықтық өтініш (бұдан әрі – есепке жатқызуға салықтық өтініш) табыс етеді.

16. ҚҚС-тың асып кеткен сомасын есепке жатқызу (қайтару) осы Қағидалардың 15-тармағында көрсетілген есепке жатқызуға салықтық өтініш негізінде жүргізіледі.

Салық төлеушінің талабы бойынша салыстырып тексеру актісі жасалады.

17. Салықтық тексеру актісіне не актіге қорытындыға қол қойылған күннен кейін бір жұмыс күні ішінде ҚҚС төлеушілердің тізімі қалыптастырылады, ол бойынша салық төлеушінің салық берешегінің жоқ (бар) екендігі туралы құжат жасалу қажет.

18. Егер ҚҚС төлеушіде салық берешегі болған жағдайда және есепке жатқызуға салықтық өтініш берген кезде есепке жатқызуға салықтық өтініште көрсетілген салық берешегінің сомасы берешегінің жоқ екендігі туралы құжат деректерімен сәйкес келмеген жағдайда, ҚҚС қайтару (есепке жатқызу) берешегінің жоқ екендігі туралы құжат негізінде жүргізіледі.

19. ҚҚС-тың асып кеткен сомасын қайтару салық берешегі болмаған жағдайда ҚҚС төлеушінің орналасқан орны бойынша оның банктік шотына жүргізіледі.

Егер ҚҚС төлеуші заңды тұлға болып табылған жағдайда ҚҚС-тың асып кеткен сомасын қайтару оның құрылымдық бөлімшелерінде салық берешегі болмаған жағдайда жүргізіледі.

 

 

3. Қосылған құн салығының асып кеткен сомасын қайтарудың оңайлатылған тәртібін қолдану кезіндегі ерекшеліктер

 

20. ҚҚС-тың асып кеткен сомасын қайтарудың оңайлатылған тәртібі кезінде салық органы ҚҚС-ты қайтару туралы талап табыс етілген күннен бастап бір жұмыс күні ішінде ҚҚС төлеушіде соңғы салықтық тексеру немесе соңғы ҚҚС-тың асып кеткен сомасын қайтару сәтінен бастап салық есептілігін табыс ету бойынша орындалмаған салық міндеттемесінің жоқ немесе бар екенін, сондай-ақ оның дербес шотында салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің есептелген сомаларының дұрыс көрсетілуін тексереді.

Егер ҚҚС төлеуші басқа салық органдарында тіркеу есебінде тұрған жағдайда, ҚҚС-ты қайтару туралы талабы келіп түскен салық органы осы салық органдарына да осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген мәселелер бойынша сұрау салу жібереді.

ҚҚС төлеушінің құрылымдық бөлімшелері болған жағдайда осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген мәселелер бойынша сұрау салу ҚҚС төлеушінің құрылымдық бөлімшелері тіркелген салық органдарына жіберіледі.

21. Осы Қағидалардың 20-тармағының екінші және үшінші бөліктерінде көрсетілген сұрау салу осындай сұрау салу алынған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде орындалуы тиіс.

22. Алынған жауаптардың негізінде бұзушылықтар фактісі анықталған кезде салық төлеушіге олардың ҚҚС-тың асып кеткен сомасын қайтарудың оңайлатылған тәртібін қолдануға құқығы жоқ екендігі туралы хат жіберіледі.

Сонымен бір мезгілде салық төлеуші Салық кодексінің 272 және
273-баптарында көзделген ҚҚС-тың асып кеткен сомасын қайтару тәртібін қолдану құқығы туралы хабарландырылады.

23. Осы Қағидалардың 22-тармағында көрсетілген хатты алғаннан кейін бес жұмыс күні ішінде салық төлеуші салық органын Салық кодексінің
272 және 273-баптарында көзделген ҚҚС-тың асып кеткен сомасын қайтару тәртібін қолданудан бас тартатыны немесе қолдануға келісетіні туралы қабылдаған шешімі туралы жазбаша хабарландырады.

Салық төлеушіден жауаптың болмауы Салық кодексінің 272 және
273-баптарында көзделген ҚҚС-ты қайтарудан бас тарту фактісі болып табылады.

24. Алынған жауаптар негізінде бұзушылықтар болмаған жағдайда салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеу үшін Салық кодексінде белгіленген күннен бастап бір жұмыс күні ішінде ҚҚС төлеушілердің тізімі қалыптастырылады, ол бойынша салық төлеушінің салық берешегінің жоқ (бар) екендігі туралы құжат жасалуы қажет.

25. Салық берешегінің жоқ екендігі туралы құжат қалыптастырылған күннен бастап бір жұмыс күнінен кешіктірмей және есепке жатқызуға салықтық өтініш негізінде салық органы ҚҚС-тың асып кеткен сомасын қайтаруға өкім жасайды.

Есепке жатқызуға салықтық өтінішті ҚҚС төлеуші салық органына салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеу үшін Салық кодексінде белгіленген күннен бастап бір жұмыс күні ішінде табыс етеді.

_____________________

 

 

 

 

Қосылған

құн салығының асып кеткен сомасын қайтару қағидаларына

қосымша

 

 

Аумақтық салық органдарына жіберілген қарсы тексерулер жүргізуге сұрау салулар және

(немесе) анықталған бұзушылықтарды жоюға жазбаша сұрау салулар

тізілімі

 

 

р/с

 

Жеткізушінің

атауы

 

Сәйкестендіру нөмірі (ЖСН/БСН)

 

Салық төлеушінің тіркеу нөмірі (СТН)

 (ол болған жағдайда)

ҚҚС сомасы

(теңге)

Сұрау салудың және (немесе) хаттың нөмірі

 

Сұрау салудың және (немесе) хаттың күні

 

Ескертпе

 

1

2

3

   4

5

    6

     7

                8

________________________