Жарияланған күні: 08.12.2016 19:19
Өзгертілген күні: 08.12.2016 19:24

Мониторинг бойынша салық есептілігін қоспағанда,
 салық есептілігін табыс ету мерзімдерін ұзарту

 

      Салық төлеуші (салық агенті) мониторинг бойынша есептілікті және тауарлардың Кеден одағына мүше мемлекеттердiң аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына импорты кезіндегі жанама салықтар бойынша салық есептілігін қоспағанда, салық есептілігін электрондық нысанда табыс еткен кезде оны табыс ету мерзімін ұзартуға құқылы.

      Салық төлеуші (салық агенті) салық есептілігін ұсыну мерзімін ұзарту үшін уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша салық есептілігін ұсыну мерзімін ұзарту туралы хабарламаны тіркеу есебінің орны бойынша салық органына, оның ішінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы жібереді.

      Салық төлеуші (салық агенті) салық есептілігін табыс ету үшін осы Кодексте белгіленген мерзім өткенге дейін салық есептілігін табыс ету мерзімін ұзарту туралы хабарламаны қағаз жеткізгіште немесе салық есептілігін қабылдау және өндеу жүйелері арқылы ақпаратты компьютерлік өңдеуге жол беретін электрондық нысанда жібереді.

      Салық есептілігін табыс ету мерзімін ұзарту салық органына салық есептілігін табыс ету мерзімін ұзартуға хабарлама жіберілген күнтізбелік жыл ішінде салық төлеуші (салық агенті) табыс ететін салық есептілігіне қолданылады.
     Салық есептілігін табыс ету мерзімі мынадай:

      1) корпоративтік табыс салығы немесе жеке табыс салығы бойынша – декларацияны табыс ету үшін белгіленген мерзімнен бастап күнтізбелік отыз күннен аспайтын;

      2) салықтың өзге түрлері, бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер, міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары және әлеуметтік аударымдар бойынша – декларацияны және (немесе) есеп-қисапты табыс ету үшін белгіленген мерзімнен бастап күнтізбелік он бес күннен аспайтын кезеңге ұзартылады.

      Салық есептілігін табыс ету мерзімін ұзарту аванстық төлемдер сомаларының есеп-қисабын табыс ету мерзіміне қолданылмайды.

       Салық есептілігін табыс ету мерзімін ұзарту салықтарды, бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді, міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын және әлеуметтік аударымдарды төлеу мерзімін өзгертпейді.