Жарияланған күні: 04.06.2015 18:30
Өзгертілген күні: 04.06.2015 18:31

Резидент еместің  көздерінен алған табыстарын салық салудан толық босатуға қатысты халықаралық шартты қолдану

 

 ҚР Салық кодексінің 212 бабына сәйкес, егер резидент емес халықаралық шарт жасасқан елдің резиденті болып табылса, мұндай резидент емеске табыс төлеу кезінде немесе резидент еместің есептелген, бірақ төленбеген табысын шегерімге жатқызу кезінде салық агентінің салық салудан босатуды дербес қолдануға құқығы бар.

Осы бапта белгіленген халықаралық шарттың ережелерін қолдану тәртібі осы Кодекстің 212-1, 212-2, 213, 214 және 215-баптарында халықаралық шарттың ережелерін қолдану тәртібі белгіленген табыстарды, сондай-ақ осы Кодекстің 197-бабында айқындалған табыстарды қоспағанда, осы Кодекстің 192-бабында көзделген резидент еместің табыстарына салық салуға қатысты қолданылады.

Резидент емес осы Кодекстің 219-бабының 4 және 5-тармақтарының талаптарына сәйкес келетін резиденттікті растайтын құжатты салық агентіне табыс еткен кезде халықаралық шарт қолданылады.

Бұл ретте резиденттікті растайтын құжатты резидент емес салық агентіне осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, бірінші болып басталатын мына күндердің бірінен:

1) резидент емеске табыс төленген немесе резидент еместің төленбеген табыстары шегерімге жатқызылған күнтізбелік жылдың 31 желтоқсанынан;

2) төлем көзінен ұсталатын табыс салығы бойынша салық міндеттемесін орындау мәселесі бойынша жоспарлы салықтық тексеру жүргізілген күнтізбелік жылда аяқталатын, резидент емеске табыс төленген тоқсанды мұндай салықтық тексеруді жүргізудің басталуынан;

3) төлем көзінен ұсталатын табыс салығы бойынша салық міндеттемесін орындау мәселесі бойынша жоспардан тыс салықтық тексеру жүргізілген күнтізбелік жылда аяқталатын, резидент емеске табыс төленген тоқсанды мұндай салықтық тексеруді жүргізу аяқталғанға дейін бес жұмыс күнінен кешіктірмей табыс етеді. Жоспардан тыс салықтық тексерудің аяқталған күні нұсқамаға сәйкес айқындалады.

    Егер резидент емес Қазақстан Республикасында тұрақты мекемені құруға әкеп соқпайтын мерзім шегінде Қазақстан Республикасының аумағында қызметтер көрсеткен немесе жұмыстар орындаған жағдайда, халықаралық шарттың ережелерін қолдану мақсатында резидент емес заңды тұлға осы баптың 3-тармағында көрсетілген құжатпен бірге салық агентіне құрылтай құжаттарының нотариат куәландырған көшірмелерін не құрылтайшыларды (қатысушыларды) және резидент емес заңды тұлғаның мажоритарлық акционерлерін көрсете отырып, сауда тізілімінен (акционерлер тізілімінен немесе резидент емес тіркелген мемлекеттің заңнамасында көзделген өзге де ұқсас құжаттан) үзінді көшірмелерді табыс етеді.

Салық агенті табыс етілген құжаттардың және қызметтер көрсетуге немесе жұмыстар орындауға арналған шарттың (келісімшарттың) негізінде резидент еместің осындай шарттың (келісімшарттың) және олар болған кезде байланысты жобалардың шеңберінде қызметтер көрсету немесе жұмыстар орындау нәтижесінде тұрақты мекеме құру фактісін айқындайды.

     Резидент еместің Қазақстан Республикасында тұрақты мекемені құру фактісі анықталған кезде, салық агенті Қазақстан Республикасында резидент еместің табыстарын салық салудан босату бөлігінде халықаралық шарттың ережелерін қолдануға құқылы емес.

      Салық агенті салық органына табыс етілетін салықтық есептілікте резидент емеске есептелген (төленген) және халықаралық шарттардың ережелеріне сәйкес ұсталған, салық ұстаудан босатылған табыстар сомасын, табыс салығының мөлшерлемелерін және халықаралық шарттардың атауларын көрсетуге міндетті.

      Бұл ретте салық агенті өзінің орналасқан жері бойынша салық органына осы Кодекстің 219-бабы 4 және 5-тармақтарының талаптарына сәйкес келетін, резидент емес салық төлеушінің резиденттігін растайтын құжаттың көшірмесін табыс етуге міндетті. Мұндай құжаттың көшірмесі, табыс етілу мерзімі резидент еместің осындай құжатты осы баптың 3-тармағына сәйкес салық агентіне тапсырғанынан кейін басталатын, салық есептілігін табыс ету үшін белгіленген күннен бастап күнтізбелік үш күн ішінде табыс етіледі.

    Халықаралық шарттың ережелері заңсыз қолданылып, бұл мемлекеттік бюджетке салықтың төленбеуіне немесе толығымен төленбеуіне әкеп соққан кезде салық агенті Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.