Жарияланған күні: 27.07.2015 18:00
Өзгертілген күні: 27.07.2015 18:04

Салық төлеушінің (салық агентінің) билік етуі шектелген мүлкін салық берешегі есебіне, төлеушінің - кедендік төлемдер бойынша берешектің есебіне өткізу қағидасын бекіту туралы

 

Қазақстани Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 2 маусымдағы № 618 Қаулысы

·               «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) және «Қазақстан Республикасындағы кеден ісі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Салық төлеушінің (салық агентінің) билік етуі шектелген мүлкін салық берешегі есебіне, төлеушінің - кедендік төлемдер бойынша берешектің есебіне өткізу қағидасы бекітілсін.
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2011 жылғы 2 маусымдағы
№ 618 қаулысымен 
бекітілген    

Салық төлеушінің (салық агентінің) билік етуі шектелген
мүлкін салық берешегі есебіне, төлеушінің - кедендік
төлемдер бойынша берешектің есебіне өткізу қағидасы

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Салық төлеушінің (салық агентінің) билік етуі шектелген мүлкін салық берешегі есебіне, төлеушінің - кедендік төлемдер бойынша берешектің есебіне өткізу қағидасы (бұдан әрі - Қағида) «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 10 желтоқсандағы Кодексіне (Салық кодексі) және «Қазақстан Республикасындағы кеден ісі туралы» 2010 жылғы 30 маусымдағы Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес әзірленді және салық төлеушінің (салық агентінің) билік етуі шектелген мүлкін салық берешегі есебіне, төлеушінің - кедендік төлемдер бойынша берешек есебіне өткізу тәртібін анықтайды.
      2. Осы Қағидада мынадай ұғымдар қолданылады:
      1) ағылшын әдісі — бастапқы баға алдын ала жария етілген қадаммен электрондық сауда алаңында сауда-саттық нысанасы үшін неғұрлым жоғары баға ұсынған (растаған) жалғыз қатысушы қалатын сәтке дейін ұлғаятын сауда әдісі;
      2) бағалаушы - мемлекеттік сатып алу жолымен анықталған және Компаниямен мүлікті бағалау жөнінде қызметтер көрсету туралы шарт жасасқан Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы заңнама талаптарына сәйкес келетін жеке немесе заңды тұлға;
      3) бастапқы баға - мүліктің бағалаушы анықтаған құны, электрондық аукцион содан басталады;
      4) борышкер - мүлкі мемлекеттік органның шешімі бойынша салық берешегін немесе кедендік төлемдер бойынша берешекті өтеу есебіне билік ету шектелген жеке немесе заңды тұлға;
      5) голландық әдіс - бастапқы баға жария етілген қадаммен қатысушылардың біреуі электрондық сауда алаңында жария етілген баға бойынша сауда-саттық нысанасын сатып алуды растайтын сәтке дейін төмендейтін сауда әдісі;
      6) кепілдікті жарна - борышкердің мүлкін сату жөніндегі электрондық аукционға қатысуға ниет білдірген жеке немесе заңды тұлға енгізген ақша сомасы;
      7) Компания - Салық төлеушінің (салық агентінің), төлеушінің билік етуі шектелген мүлкін сатып өткізу саласында Қазақстан Республикасының Үкіметі анықтаған заңды тұлға;
      8) қағаз құжаттың электрондық көшірмесі - түпнұсқа қағаз құжаттың ақпаратын электронды цифрлық қолтаңбамен куәландырылған электрондық-сандық нысанда толығымен еске түсіретін электрондық құжат;
      9) лот - бір заттан тұратын борышкердің мүлкі не біртекті заттар кешені не оларды бөлу оның шаруашылық мақсатының (функцияларының) өзгеруіне әкеп соқтыратын заттар кешені;
      10) лоттың сатып алу құны - электрондық аукцион қорытындылары туралы хаттамаға сәйкес жеңімпаз лот сатып алуға ниет білдірген сома;
      11) мемлекеттік орган - салық немесе кеден органы;
      12) мүлік - борышкердің билік етуі шектелген мүлкі, оған мемлекеттік органның қаулысына сәйкес салық берешегін немесе кедендік төлемдер бойынша берешекті өтеу есебіне өндіріп алу айналдырылады;
      13) мүлікті өткізу жөніндегі шығыстар - мүлікті бағалау жөніндегі қызметтерге ақы төлеу сомасы және оны өткізуге байланысты өзге шығыстар;
      14) сатып алушы - сатып алу-сату шартына қол қойған және лоттың сатып алу құнын енгізген электрондық аукцион жеңімпазы;
      15) сәйкестендіру коды (Сәйкестендіргіш) - электрондық сауда алаңы электрондық аукционның әлеуетті қатысушыларына оларды сәйкестендіру үшін беретін электронды цифрлық нышандар жиынтығы;
      16) электрондық аукцион - алдын ала анықталған уақытта электрондық сауда алаңын пайдалана отырып жүзеге асырылатын билік етуі шектелген мүлікті сату жөніндегі конкурстық жария сауда-саттық;
      17) Электрондық аукцион әкімшісі - мемлекеттік сатып алу жолымен анықталған және Компаниямен электрондық аукциондарды техникалық сүйемелдеу жөнінде қызметтер көрсету туралы шарт жасасқан Компания не заңды тұлға;
      18) электрондық аукцион жеңімпазы - лот үшін неғұрлым жоғары баға ұсынған не осы Қағиданың 38 немесе 47-тармақтарында көзделген жағдайларда өз ұсынысын бірінші болып растаған және электрондық аукцион қорытындылары туралы хаттамаға қол қойған электрондық аукцион қатысушысы;
      19) электрондық аукцион қатысушысы - электрондық аукционға қатысуға ниет білдірген жеке немесе заңды тұлға;
      20) электрондық құжат - ақпарат электронды-цифрлық нысанда берілген және электронды цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылған құжат;
      21) электрондық сауда алаңы - ақпараттық жүйе, дерекқорлардың, техникалық, бағдарламалық, телекоммуникациялық және қатысушыларға электрондық аукционға бірыңғай қатынау нүктесін беретін, электрондық аукцион өткізу үшін қажетті ақпаратты енгізу, сақтау және өңдеу мүмкіндігін қамтамасыз ететін басқа да құралдар жиынтығы (бұдан әрі - ЭСА);
      22) электрондық сауда алаңының техникалық істен шығуы - тым болмағанда бір қатысушының электрондық аукцион рәсіміне қатысуының техникалық мүмкіндігін жоққа шығаратын және/немесе Электрондық аукцион әкімшісінің қызметкерлеріне электрондық аукцион өткізуге қызмет көрсетуді орындаудың техникалық мүмкіндігін жоққа шығаратын электрондық сауда алаңының жұмысқа қабілеттілігінің бұзылуы;
      23) электронды цифрлық қолтаңба (бұдан әрі - ЭЦҚ) - электронды цифрлық қолтаңба құралдарымен құрылған және электрондық құжаттың дұрыстығын, оның тиістілігін және мазмұнының өзгермейтінін растайтын электронды цифрлық белгілер жиыны.

2. Мүлікті өткізуге беру

      3. Салық төлеушінің (салық агентінің) билік етуі шектелген мүлкін салық берешегі есебіне, төлеушінің - кедендік төлемдер берешегі есебіне өткізуді Компания электрондық аукцион өткізу жолымен жүзеге асырады.
      4. Мемлекеттік органның борышкердің билік етуі шектелген мүлкіне өндіріп алуды айналдыру туралы қаулысы, мемлекеттік органның мүлікке билік етуді шектеу туралы шешімі және мүлік тізімдемесінің актісі мүлікті өткізуге шығару үшін негіз болып табылады.
      5. Мемлекеттік орган билік етуі шектелген мүлікке өндіріп алуды айналдыру туралы қаулы шыққан күннен бастап он күнтізбелік күн ішінде қабылдап алу-беру актісі бойынша Компанияға осы Қағиданың 4-тармағында көрсетілген құжаттарды береді.
      6. Мүлікті бағалау құжаттарды қабылдап алу-беру актісіне қол қойылған күннен бастап күнтізбелік он күннен аспайтын мерзімде жүргізіледі.
      7. Мүлікті бағалау туралы есептің көшірмесін Компания мемлекеттік органға және борышкерге оны алған күннен бастап бес күнтізбелік күн ішінде жібереді.
      8. Егер бағалау нәтижелері бойынша мүліктің құны мүлікті өткізу жөніндегі ұйғарылатын шығыстардан төмен болған жағдайда, Компания мүлікті одан әрі өткізуді жүргізбейді. Бұл жағдайда Компания күнтізбелік үш күн ішінде мемлекеттік органға қабылдап алу-беру актісі бойынша осы Қағиданың 4-тармағында көрсетілген құжаттарды береді.

3. Мүлікті өткізуге дайындау

      9. Компания алдағы электрондық аукцион туралы хабарландыруды оны өткізу күніне дейін кемінде күнтізбелік он күн бұрын қазақ және орыс тілдерінде Компанияның интернет-ресурсында орналастырады.
      10. Электрондық аукцион өткізу туралы хабарландыру мынадай мәліметтерді қамтуы тиіс:
      1) лоттың (мүліктің) атауы, оның сипаттамалары (қысқаша сипаттамасы);
      2) лоттың бастапқы бағасы;
      3) электрондық аукционды өткізу күні мен уақыты;
      4) лоттың (мүліктің) орналасқан жері;
      5) электрондық аукцион өткізу әдісі туралы;
      6) электрондық аукционда қатысу үшін кепілдікті жарнаның мөлшері және кепілдікті жарнаны аудару үшін Компанияның банк деректемелері;
      7) электрондық аукционға қатысуға өтінімдер қабылдау уақыты мен мерзімі туралы;
      8) қосымша ақпарат алуға болатын анықтамаларға арналған телефондар мен мекенжайлар;
      9) ЭСА интернет-ресурсы.
      11. Компания электрондық аукционға шығарылған борышкердің мүлкі туралы ақпаратқа және ЭСА қызметін регламенттейтін ақпаратқа кедергісіз қол жеткізуді қамтамасыз етеді.
      12. Компания электрондық аукционға қатысушылардың өтінімдерін қабылдау мен тіркеуді ЭСА интернет-ресурсында жүзеге асырады. Өтінімдерді қабылдау және тіркеу алдағы электрондық аукцион туралы хабарландыру орналастырылған күннен басталады және ол басталғанға дейін жиырма төрт сағат бұрын аяқталады. Электрондық аукцион өткізу туралы хабарландыруда көрсетілген қабылдау мерзімі өткеннен кейін түскен өтінімдер қаралмайды.
      13. Электрондық аукцион барысында электрондық аукционға қатысуға кедергі келтіретін ЭСА техникалық істен шығу туындаған кезде қатысушы дереу электрондық хабарлама арқылы, телефонмен немесе өзге қол жетімді тәсілдермен бұл туралы Компанияны хабардар етуі тиіс.
      14. Компания ЭСА техникалық істен шығуының болу фактісін тіркейді және барлық қатысушыларды ЭСА-да ақпарат орналастыру арқылы хабардар етеді.
      15. Электрондық аукцион өткізуге немесе электрондық аукцион өткізу рәсіміне кедергі келтіретін ЭСА техникалық істен шығу фактісі болған жағдайда, Компания қатысушыларды осы электрондық аукционның жалғасатын күні мен уақыты туралы алдын ала міндетті түрде хабардар ете отырып, техникалық істен шығуды түзеткен күннен кейін келесі үш жұмыс күнінің біріне электрондық аукционды ауыстырады.

4. Электрондық аукционға қатысу шарттары және
қатысушыларды тіркеу

      16. Лот бойынша электрондық аукционға қатысушы ретінде тіркелу үшін Сәйкестендіргіш (ол болмаған кезде) алу қажет, кепілдікті жарна енгізу, сондай-ақ Компанияның интернет-ресурсында көрсетілген мекенжай бойынша электрондық құжат нысанында мынадай қағаз құжаттардың электрондық көшірмелерін қоса бере отырып, осы Қағидаға 1-қосымшаға сәйкес электрондық аукционға қатысуға өтінім жіберу қажет:
      1) жеке тұлғалар үшін:
      төлқұжаттың/жеке куәліктің электрондық (сканерленген) көшірмесі;
      Қазақстан Республикасының салық төлеушісі куәлігінің электрондық (сканерленген) көшірмесі не сәйкестендіру нөмірі бар құжаттың электрондық (сканерленген) көшірмесі;
      электрондық аукционға қатысушының кепілдікті жарна сомасын аударуын растайтын банктің белгісі бар төлем құжатының электрондық (сканерленген) көшірмесі;
      2) заңды тұлғалар үшін:
      Заңды тұлғаның мемлекеттік тіркелгені туралы куәліктің электрондық (сканерленген) көшірмесі;
      Қазақстан Республикасының салық төлеушісі куәлігінің электрондық (сканерленген) көшірмесі не сәйкестендіру нөмірі бар құжаттың электрондық (сканерленген) көшірмесі;
      электрондық аукционға қатысушының кепілдікті жарна сомасын аударғанын растайтын банктің белгісі бар төлем құжатының электрондық (сканерленген) көшірмесі.
      17. Электрондық аукционға қатысу үшін кепілдікті жарна лоттың бастапқы бағасының бес пайызы мөлшерінде белгіленеді және Компанияның интернет-ресурсында көрсетілген Компанияның банк деректемелеріне енгізіледі.
      18. Кепілдікті жарнаны қатысушы не оның атынан кез келген жеке немесе заңды тұлға енгізуі мүмкін.
      Электрондық аукцион жеңімпазының кепілдікті жарнасы лоттың сатып алу құнының есебіне аударылады.
      19. Электрондық аукционға қатысушылардың:
      1) борышкердің мүлкі жөніндегі бар қосымша мәліметтерді алуға тегін қол жеткізуге;
      2) өткізілетін мүлікті алдын ала қарауға;
      3) электрондық аукцион басталғанға дейін жиырма төрт сағаттан кешіктірмей осы Қағидаға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өзінің өтінімін қайтарып алуға құқығы бар.
      20. Сәйкестендіргіш және ЭЦҚ арқылы ЭСА-да орындалған барлық іс-әрекеттер электрондық аукционға қатысушының атынан жүргізілген деп есептеледі.
      21. Компания түскен электрондық аукционға қатысуға арналған өтінімдерді қарастырады және келесі жұмыс күні ішінде, электрондық аукцион басталғанға дейін жиырма төрт сағаттан кешіктірмей аукционға қатысушылардың тізіліміне өтінімді қабылдау не қабылдаудан бас тарту туралы шешім қабылдайды. Электрондық аукционға қатысушылардың тізіліміне өтінімді енгізу туралы шешім қатысушыға жіберіледі және қатысушының электрондық аукционға жіберілу құқығын береді.
      22. Өтінімді берудің белгіленген нысанын және мерзімін бұзу, сондай-ақ осы Қағидада белгіленген құжаттар мен ақпаратты бермеу өтінімді «электрондық аукционға қатысушылардың тізіліміне өтінімді қабылдаудан бас тарту үшін негіздер болып табылады.
      23. Өтінімді қабылдаудан бас тартқан жағдайда Компания өтінімді қабылдаған күннен бастап келесі жұмыс күнінен кешіктірмей электрондық хабарлама жіберу және электрондық аукцион қатысушыларының тізілімінде тиісті ақпаратты көрсету жолымен қабылданған шешім туралы қатысушыны хабардар етеді. Қатысушы ескертулерді жойғаннан кейін өтінімді және құжаттарды қайта бере алады.
      24. Электрондық аукцион тізілімін Компания электрондық форматта жүргізеді және мынадай ақпаратты қамтиды:
      1) қатысушылардың тегін, атын, әкесінің атын (болған кезде) не атауын көрсете отырып, қабылданған өтінімдер тізімі;
      2) қатысушылардың тегін, атын, әкесінің атын (болған кезде) не атауын көрсете отырып, кері қайтарып алынған өтінімдердің тізімі;
      3) бас тарту негіздерін көрсете отырып, электрондық аукционға қатысуға жіберуден бас тартылған қатысушылардың тегінің, атының, әкесінің атының (болған кезде) тізімі.
      Бұдан басқа электрондық аукционға қатысушылардың тізілімінде сондай-ақ мынадай мәліметтер көрсетілуі тиіс: қатысушы электрондық аукционда қатысатын нөмір, өтінім берілген лоттың атауы мен нөмірі, өтінімдерді қабылдау күні мен уақыты.
      25. Компания өтінімдер мен оларға қоса берілетін құжаттардың сақталуын, сондай-ақ олардың құпиялығын қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдайды.

5. Электрондық аукцион

      26. Электрондық аукциондарды ұйымдастыру және өткізу жөніндегі мемлекеттік сатып алу жеңімпазы туралы, сондай-ақ электрондық аукционға қатысу шарттары туралы ақпарат Компанияның веб-сайтында орналастырылады.
      27. ЭСА-да электрондық аукцион Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген мереке күндерін қоспағанда, бес күндік жұмыс аптасы кезеңінде өтеді. Электрондық аукцион Астана қаласының уақытымен сағат 9:00-де басталады және сағат 17:00-де аяқталады.
      28. Егер электрондық аукцион басталған сәтке дейін лот бойынша электрондық аукционға екіден кем қатысушы тіркелсе және болса, онда электрондық аукцион өтпеді деп танылады, ол туралы Компания және Электрондық аукцион әкімшісі қол қоятын ерікті нысандағы хаттама ресімделеді.
      29. Аукционды өткізу күні қатысушылар сәйкестендіру құралын пайдалана отырып, ЭСА-ға кіруі тиіс, электрондық аукцион жарияланған уақытта басталады.
      30. Электрондық аукцион ағылшын немесе голландық әдіспен өткізіледі.
      31. Бірінші электрондық аукцион ағылшын әдісі бойынша өткізіледі.
      32. ЭСА-да лоттың бастапқы бағасы орналастырылады.
      33. Бағаны ұлғайту немесе төмендету жағына қарай өзгерту қадамы бастапқы бағаның бес пайызы мөлшерінде белгіленеді.

1. Электрондық аукцион өткізудің ағылшын әдісі

      34. Егер электрондық аукцион басталғаннан жиырма минут ішінде ЭСА бетінде кемінде екі қатысушы бастапқы баға бойынша лотты сатып алуға өзінің ниетін растаса, онда лоттың бастапқы бағасы белгіленген қадаммен ұлғаяды.
      35. Егер электрондық аукцион басталғаннан кейін жиырма минут ішінде ЭСА бетінде қатысушылардың бірде бірі лотты сатып алуға өзінің ниетін растамаса, электрондық аукцион өтпеді деп танылады.
      36. Егер белгіленген қадамға баға ұлғайтылғаннан кейін жиырма минуттың ішінде кемінде екі қатысушы расталған сәтке белгіленген баға бойынша лот сатып алуға өзінің ниетін растаса, онда лоттың бастапқы бағасы жарияланған бағаны бір қатысушы ғана растамағанша, белгіленген қадаммен ұлғаюын жалғастырады.
      37. Егер белгіленген қадамға баға ұлғайтылғаннан кейін жиырма минуттың ішінде бір қатысушы ғана расталған сәтке белгіленген баға бойынша лот сатып алуға өзінің ниетін растаса, онда ол жеңімпаз деп танылады, ал электрондық аукцион өтті деп танылады.
      38. Егер баға кезекті ұлғайғаннан кейін жиырма минуттың ішінде қатысушылардың бірде біреуі лотты сатып алуға өзінің ниетін білдірмесе, алдыңғы жарияланған баға бойынша өзінің ұсынысын бірінші растаған қатысушы жеңімпаз деп танылады.
      39. Ағылшын әдісі бойынша лот жөніндегі электрондық аукцион қатысушылардың біреуі ең жоғары баға ұсынғанға дейін жүреді.
      40. Егер ағылшын әдісін пайдалана отырып, лот бойынша электрондық аукцион өтпеді деп танылған жағдайда, голландтық әдіс бойынша қайталама электрондық аукцион жарияланады.

2. Электрондық аукцион өткізудің голландтық әдісі

      41. Компания бірінші электрондық аукцион өткізілген күннен бастап он күнтізбелік күннен кешіктірмей қайталама электрондық аукционды өткізу күнін анықтайды және осы Қағиданың 9 және 10-тармақтарына сәйкес ЭСА-да алдағы аукцион туралы хабарландыруды орналастырады. Бұл ретте қатысушылар осы Қағиданың 16-тармағында көзделген іс-әрекеттерді жасайды.
      42. Голландтық әдіспен қайталама электрондық аукционды өткізу кезінде лоттың ең төменгі бағасы бастапқы бағаның елу пайызынан төмен емес мөлшерде белгіленеді.
      43. Егер аукцион басталғаннан жиырма минуттың ішінде қатысушылардың бірде біреуі электрондық аукционда лот сатып алуға өзінің ниетін растамаса, онда лоттың бастапқы бағасы осы Қағиданың 33-тармағында белгіленген қадамға азайтылады.
      44. Егер баға азайтылғаннан кейін жиырма минуттың ішінде қатысушылардың бірде біреуі лотты сатып алуға өзінің ниетін растамаса, онда лоттың соңғы жарияланған бағасы белгіленген адыммен төмендей бастайды.
      45. Егер баға азайтылғаннан кейін жиырма минуттың ішінде екі немесе одан көп қатысушы растау сәтіне белгіленген баға бойынша лот сатып алуға өзінің ниетін растаса, онда лоттың соңғы жарияланған бағасы осы Қағиданың 33-тармағында белгіленген қадаммен ұлғая бастайды және аукцион осы Қағиданың 5-тарауының 1-бөліміне сәйкес ағылшын әдісімен жалғасады.
      46. Осы Қағиданың 45-тармағында көрсетілген жағдай басталған кезде, егер баға ұлғайтылғаннан кейін жиырма минут ішінде қатысушылардың бірде біреуі лот сатып алуға өзінің ниетін растамаса, онда алдыңғы жарияланған баға бойынша өзінің ұсынысын бірінші растаған қатысушы жеңімпаз деп танылады.
      47. Егер жиырма минуттың ішінде бір қатысушы ғана растау сәтіне белгіленген баға бойынша лот сатып алуға ниетін растаса, онда ол жеңімпаз деп танылады, ал электрондық аукцион өтті деп танылады.
      48. Егер электрондық аукционды голландтық әдіспен өткізген кезде лот үшін баға белгіленген төмен шегіне жеткен және қатысушылардың біреуі де лот сатып алуға өзінің ниетін растамаған жағдайда, электрондық аукцион өтпеді деп танылады, мүлік өткізілмеді деп танылады.

6. Электрондық аукционды өткізу нәтижелері

      49. Әрбір лот бойынша электрондық аукцион нәтижелері осы Қағиданың 3-қосымшасына сәйкес нысан бойынша электрондық аукцион қорытындылары туралы хаттамамен ресімделеді, оған аукцион аяқталғаннан кейін жиырма минуттың ішінде электрондық аукцион жеңімпазы және Компания қол қояды. Электрондық аукцион қорытындылары туралы хаттама жеңімпаз, Компания және мемлекеттік орган үшін бір-бір данадан үш данада жасалады.
      50. Компания электрондық аукцион қорытындылары туралы хаттама алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде оны мемлекеттік органға жібереді.
      51. Электрондық аукцион жеңімпазы электрондық аукцион қорытындылары туралы хаттама алған күннен бастап бес күнтізбелік күн ішінде Компанияның интернет-ресурсында көрсетілген Компанияның банктік шотына лоттың сатып алу құнын енгізеді.
      52. Егер электрондық аукцион жеңімпазы осы Қағиданың 49-тармағында көрсетілген мерзімде электрондық аукцион қорытындылары туралы хаттамаға қол қоймаған не осы Қағиданың 51-тармағында көрсетілген мерзімде лоттың сатып алу құнын енгізбеген жағдайда Компания өтпеген электрондық аукцион туралы акт жасайды және лот бұрын өткізілген әдіс бойынша қайталама электрондық аукционға шығарылады.
      53. Электрондық аукцион қорытындылары туралы хаттама сатып алу-сату шартын жасасу үшін негіз болып табылады.

7. Электрондық аукцион қорытындылары бойынша шарт жасасу

      54. Мүлікті сатып алу-сату шартына сатып алушы мен борышкер қол қояды. Мүлікті сатып алу-сату шартына қол қою қажеттілігі туралы хабарламаны электрондық аукцион қорытындылары туралы хаттама алған күннен бастап үш күнтізбелік күн ішінде мемлекеттік орган борышкерге жібереді.
      55. Мүлікті сатып алу-сату шартына қол қоюдан бас тартқан не борышкер хабарлама жіберілген күннен бастап жеті күнтізбелік күннің ішінде келмеген жағдайда сатушының атынан мүлікті сатып алу-сату шартына мемлекеттік органның өкілі қол қояды.
      56. Сатып алу-сату шартын жасасқаннан және мүлікті өткізуден алынатын ақша қаражаты жергілікті және/немесе республикалық бюджетке түскеннен кейін мемлекеттік орган өткізілген мүліктен бұрын салынған шектеуді алып тастайды.
      Мүлікті сатып алуға байланысты шығыстар сатып алушыға салынады.
      57. Электрондық аукционнан өткізілмеген мүлік бойынша құжаттарды қабылдап алу-беру актісі бойынша соңғы аукционды өткізген күннен үш күнтізбелік күн ішінде Компания мемлекеттік органға береді.
      58. Мүлікті электрондық аукционнан алып тастау мемлекеттік органның борышкердің мүлкін билік етуін шектеу туралы шешімін жою туралы хатының негізінде ол өткізілгенге дейін жүргізіледі. Бұл жағдайда мүлікті өткізу бойынша Компания жүргізген барлық шығыстар борышкердің есебінен өтеледі.

8. Кепілдікті жарнаны қайтару тәртібі

      59. Электрондық аукцион жеңімпазы деп танылмаған не осы Қағиданың 19-тармағының 3) тармақшасына сәйкес электрондық аукционға қатысу туралы өтінімін кері қайтарып алған қатысушының кепілдікті жарнасын аукцион аяқталғаннан кейін бес күнтізбелік күн ішінде Компания қайтарып береді.
      60. Кепілдікті жарна:
      1) егер осы Қағиданың 51-тармағында белгіленген мерзім ішінде электрондық аукцион жеңімпазы лоттың сатып алу құнын енгізбесе;
      2) осы Қағиданың 52-тармағында көзделген жағдайларда;
      3) егер электрондық аукцион қатысушысы электрондық аукцион басталғанға дейін жиырма төрт сағат бұрын өтінімді қайтарып алмаса, қайтарылмайды.
      Көрсетілген жағдайларда кепілдікті жарна осы Қағиданың 61-тармағында көзделген тәртіппен бөлуге жатады.

9. Мүлікті өткізуден түсетін соманы бөлу

      61. Борышкердің мүлкін өткізуден алынған сомадан мүлікті өткізу жөніндегі шығыстар және осы Қағидаға 4-қосымшада көрсетілген Компанияның ставкаларының мөлшеріне сәйкес Компанияның сыйақысы өтеледі.
      Бұдан кейін Компания үш күнтізбелік күн ішінде мемлекеттік орган берген деректемелер бойынша борышкердің берешекті өтеу есебіне бюджетке ақша қаражатын аударады.
      Барлық талаптарды қанағаттандырғаннан кейін қалған сома борышкерге банк шотына аудару жолымен қайтарылады.
      62. Осы Қағиданың 61-тармағының шарттарын бұзған кезде Компанияға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауаптылық жүктеледі.

10. Қорытынды ережелер

      63. Биржалық тауарлар тізбесіне енетін мүлік «Тауар биржалары туралы» 2009 жылғы 4 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес өткізіледі.
      64. Осы Қағидада реттелмеген мәселелер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шешуге жатады.

Салық төлеушінің (салық агентінің)
билік етуі шектелген мүлкін салық
берешегі есебіне, төлеушінің - 
кедендік төлемдер бойынша    
берешектің есебіне өткізу қағидасына
1-қосымша             

Электрондық аукционға қатысуға арналған
ӨТІНІМ

      1. ___________________________ (заңды тұлға үшін - толық атауы, мекенжайы, банк деректемелері, жеке тұлға үшін - толық аты-жөні, тұрғылықты мекенжайы) (бұдан әрі - қатысушы):

р/с

лот

Электрондық аукцион лотының атауы

Электрондық аукцион өткізілетін күн

Кепілдікті жарнаның аударылғаны туралы төлем құжатының деректемелері

         

сату бойынша электрондық аукцион өткізу туралы хабарландырумен таныса отырып, Салық төлеушінің (салық агентінің) билік етуі шектелген мүлкін салық берешегі есебіне, төлеушінің — кедендік төлемдер бойынша берешегі есебіне өткізу қағидасымен (бұдан әрі - Қағида) таныса отырып, _______ жылғы _____ _______ сағат ____ минутта _____ интернет ресурсында Компания өткізетін электрондық аукционға қатысуға осы өтінімді қабылдауды сұрайды.
      2. Электрондық аукционға қатысуға осы өтінімді бере отырып, қатысушы Қағидада қамтылған электрондық аукцион өткізу шарттарымен келіседі.
      3. Қатысушыны электрондық аукцион жеңімпазы деп таныған жағдайда:
      электрондық аукцион қорытындылары туралы хаттамаға қол қоюға;
      Қағидада белгіленген мерзімде мүлікті сатып алу-сату шартын жасасуға;
      Қағидада белгіленген тәртіппен және мерзімде лоттың сатып алу құнын төлеуге келіседі.
      4. Қатысушы электрондық аукционға шығарылған мүлік мемлекеттік органның билік ету шектелген мүлікке өндіріп алуды айналдыру туралы қаулысының негізінде сатылатындығы туралы хабардар және Компания Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделген негіздер бойынша мемлекеттік органның электрондық аукционды кейінге қалдыруымен немесе электрондық аукционнан мүлікті (лотты) не оның бір бөлігін алып тастауымен қатысушыға келтірілуі мүмкін зиян үшін жауап бермейтінімен келіседі.
      5. Кепілдікті жарнаны қайтару үшін қатысушының банк деректемелері:
_____________________________________________________________________
_____________________________________________________________________
_____________________________________________________________________
________________________________

Қосымшалар:    1. Заңды тұлғаның мемлекеттік тіркелгені туралы куәлік
               көшірмесі немесе қатысушының (жеке тұлғаның)
               төлқұжатының, жеке куәлігінің электрондық
               (сканерленген) көшірмесі.
               2. Қазақстан Республикасының салық төлеушісі
               куәлігінің электрондық (сканерленген) көшірмесі не
               сәйкестендіру нөмірі бар құжаттың электрондық
               (сканерленген) көшірмесі.
               3. Қатысушының кепілдікті жарна сомасын сауда-саттықты
               өткізу туралы хабарландыруда көрсетілген банк
               деректемелеріне аударғанын растайтын банктің белгісі
               бар төлем құжатының электрондық (сканерленген)
               көшірмесі.

Күні ______________

Қатысушының ЭЦҚ ___________________

Салық төлеушінің (салық агентінің)
билік етуі шектелген мүлкін салық
берешегі есебіне, төлеушінің - 
кедендік төлемдер бойынша    
берешектің есебіне өткізу қағидасына
2-қосымша            

Электрондық аукционға қатысуға арналған өтінімді қайтарып алу
туралы хабарлама

      Осымен ________________ (заңды тұлғаның толық атауы, жеке тұлға үшін - толық аты-жөні), ______________ тағайындалған (электрондық аукцион өткізілетін күн) ___________ лот бойынша электрондық аукционға қатысуға арналған өз өтінімін кері қайтарып алады.

Күні ___________________

Қатысушының ЭЦҚ ___________________

Салық төлеушінің (салық агентінің)
билік етуі шектелген мүлкін салық
берешегі есебіне, төлеушінің - 
кедендік төлемдер бойынша    
берешектің есебіне өткізу қағидасына
3-қосымша            

Электрондық аукцион қорытындылары туралы хаттама

Астана қаласы 20_____ жылғы ______ « ________ » с « _____ » ______ м.

      Мына: _______ мекенжайы бойынша орналасқан, № ___ лот (мүліктің қысқаша сипаттамасы) ______ ( _____ ) теңге бағамен сатылды.
      Электрондық аукцион жеңімпазы деп_____________ танылды (заңды тұлғаның толық атауы, жеке тұлға үшін - толық аты-жөні), мекен-жайы, ______________________________________________ СТН/СН._______________

Жеңімпаз енгізген кепілдікті жарна мөлшері: _______ ( _____ ) теңге.
      Электрондық аукцион қорытындылары туралы хаттаманы алған күннен бастап 5 (бес) күнтізбелік күн ішінде Компанияның банктік шотына лоттың сатып алу құнын енгізбеген электрондық аукцион жеңімпазы осы лот бойынша электрондық аукционға одан әрі қатысу құқығынан айырылады.
      Электрондық аукцион жеңімпазы _______ (ЭЦҚ)
      Компания ___________ (ЭЦҚ)

Салық төлеушінің (салық агентінің)
билік етуі шектелген мүлкін салық
берешегі есебіне, төлеушінің - 
кедендік төлемдер бойынша    
берешектің есебіне өткізу қағидасына
4-қосымша           

Компанияның сыйақы ставкасының мөлшері

Борышкердің мүлкін өткізуден алынған сома

Компанияның сыйақы ставкасы

3 000 000 теңгеге дейін

10%

3 000 000 теңгеден 7 000 000 теңгеге дейін

8%

7 000 000 теңгеден 15 000 000 теңгеге дейін

5%

15 000 000 теңгеден жоғары

3%