
«Қазақстан Республикасында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2021 жылғы 18 тамыздағы № 639 Жарлығына сәйкес жергілікті өзін-өзі басқарудың кіріс базасын одан әрі кеңейту үшін 2022 жылы бюджеттің төртінші деңгейіне салықтар мен төлемдердің мынадай түрлері берілді:
- бірыңғай жер салығы
- жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлем
- жер учаскелерін сатудан түсетін түсімдер
- жер учаскелерін жалдау құқығын сатқаны үшін төлем.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне биліктің аудандық, қалалық және ауылдық деңгейлерінің дербестігі мен жауапкершілігін кеңейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2021 жылғы 30 шілдедегі № 60-VII Заңының 1-бабына, Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы № 95-IV Бюджет Кодексінің 52-бабы 1-тармағының 9-тармақшасына сәйкес, аудандық (облыстық маңызы бар қаланың) бюджетке салықтық түсімдер «аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің аумағындағы жер учаскелерін қоспағанда, жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлем» болып табылатын өзгерістер енгізілді.
Сондай-ақ, жоғарыда көрсетілген заңмен бюджет кодексінің 52-1-бабының 1-тармағы 3-1) және 4-1) тармақшалармен толықтырылды, оларға сәйкес бірыңғай жер салығы, жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлем аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ бюджеттеріне (бюджеттің 4-деңгейі, ЖӨБ бюджеті) салық түсімдері болып табылады.
Өзгерістер 01.01.2022 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі.
Осыған байланысты, бюджетке 2022 жылғы 25 ақпанға дейінгі мерзім бойынша төлемнің нақты сомаларын енгізуді бюджет деңгейін ескере отырып жүзеге асыру қажет:
бюджеттің төртінші деңгейіне аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің аумағында орналасқан жер учаскелері бойынша төлемақы;
бюджеттің үшінші деңгейіне басқа жер учаскелері бойынша төлем.
Жаңа СЕН 851.00 ресми бекіткеннен кейін, салық төлеушілерге бюджет деңгейлері бойынша төлем сомалары бөлінген қосымша есеп тапсыру қажет:
бюджеттің төртінші деңгейіне аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің аумағында орналасқан жер учаскелері бойынша;
бюджеттің үшінші деңгейіне басқа жер учаскелері бойынша.