Date of publication: 09.12.2022 10:43
Date of changing: 09.12.2022 10:47

Әлеуметтік желілерде «Учет.kz» порталының негізін қалаған М.Барышевтың Алматы қаласы кәсіпкерлерінің атынан Қазақстан Республикасы Президентінің атына соттардағы мәмілелерді даулау мәселесі бойынша өтініші жарияланды.

Атап айтқанда, шетелдік инвестордың қатысуы бар компания мен Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті арасындағы мәмілелерді даулау фактісі бойынша сот дауының егжей-тегжейлері айтылды.

Мемлекеттік кірістер комитеті көлеңкелі экономиканы төмендету және салық төлеуден жалтару схемаларының жолын кесу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды объективті жариялау үшін айқындық енгізу қажет деп санайды.

Салық төлеуден жалтарудың заңсыз схемаларын анықтау тәуекелдерді басқару жүйесін (ТБЖ) қолдана отырып, Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық жүйелерінен алынған мәліметтер негізінде жүргізіледі.

Күдікті операциялар бойынша тауарлардың шығу тегін (3 адамнан импорттау, өндіру, сатып алу) анықтау үшін өнім берушілердің қызметіне талдау жүргізіледі немесе олардың жұмыстарды орындау немесе қызметтер көрсету мүмкіндігі (өндірістік қуаттар мен жабдықтардың, қызметкерлердің және олардың біліктілігінің, салық жүктемесінің және т.б. болуы) бағаланады.

Салық кодексіне сәйкес мемлекеттік кірістер органдары Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құзыреттер мен міндеттерге сәйкес мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы талап-арыз беруге құқылы екенін атап өту қажет (Салық кодексінің 19-бабы 1-тармағының 10)-тармақшасы).

Талап қою үшін негіздеме шығындарды көбейту мақсатында кәсіпкерлер арасында жасалған мәмілелердің ойдан шығарылуы немесе жалған болуы мүмкін. Бұл салық төлеуден жалтарудың ең кең таралған схемасы.

Айтылған нақты мысалға келетін болсақ, ол бойынша ағымдағы жылдың тамыз айында сот талқылауы аяқталған. Нәтижесінде компания мен адал емес жеткізуші арасында жасалған мәміле жарамсыз деп танылған.

Сотқа талап-арыз берілгенге дейін компанияға мәмілелердің жалғандық белгілерінің бар екендігі туралы хабарланғанын атап өткен жөн.