Date of publication: 20.06.2025 15:12
Date of changing: 20.06.2025 15:14
Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне енгізілген өзгерістерге сәйкес КТС және ПҚӨС төлеу тәртібі туралы
Қостанай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті корпоративтік табыс салығын (КТС) және пайдалы қазбаларды өндіру салығын (ПҚӨС) төлеу тәртібіндегі өзгерістерге қатысты салық төлеушілердің назарын аударады.
КТС төлеу тәртібі
Бюджеттік сыныптаманың бірыңғай кодтарына (БСК) сәйкес КТС келесі бағыттар бойынша төленеді:
101105 – мұнай-газ секторы ұйымдарының КТС, Ұлттық қорға (ҰҚ) түседі;
101110 – ірі кәсіпкерлік субъектісі болып табылатын заңды тұлғалардың КТС (мұнай-газ секторынан тыс) – Республикалық бюджетке (РБ) түседі;
101111 – ірі кәсіпкерлік пен мұнай-газ секторына жатпайтын заңды тұлғалардың КТС – Жергілікті бюджетке (ЖБ) түседі.
2025 жылы 15 наурызда қабылданған №171-VIII Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінің 168-бабы 3-тармағына сәйкес, 101110 БСК бойынша КТС республикалық бюджетке ұлттық экономика министрі мен қаржы министрінің бірінші орынбасарының бірлескен бұйрығымен бекітілген тізімдегі салық төлеушілермен төленеді.
Қалған салық төлеушілер КТС-ті жергілікті бюджетке 101111 БСК бойынша төлейді.
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап, жаңа Бюджет кодексінің 23-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес, 101110 БСК бойынша КТС республикалық бюджетке ірі кәсіпкерлік субъектілерімен төленетін болады.
2025 жылғы 15 наурыздағы №171-VIII Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінің 24-бабының 6-тармағына сәйкес, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне төмендегілер жатады:
жылдық орташа жұмысшылар саны 250 адамнан астам және (немесе)
орташа жылдық табысы тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын республикалық бюджет туралы заңмен бекітілген айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) үш миллион есе мөлшерінен асатын заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер.
ПҚӨС төлеу тәртібі
2025 жылы ПҚӨС келесі БСК бойынша төленеді:
105306 – республикалық бюджетке;
105326 – мұнай-газ секторы ұйымдарынан Ұлттық қорға.
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап, Бюджет кодексінің 26 және 27-баптарына сәйкес, келесі пайдалы қазбалар үшін жергілікті бюджетке 105310 БСК бойынша ПҚӨС түседі:
кең таралған пайдалы қазбалар;
жерасты сулары;
емдік балшықтар.
Ал өзге пайдалы қазбалар бойынша ПҚӨС бұрынғыдай республикалық бюджетке 105306 БСК бойынша төленеді.
Қосымша ақпарат алу үшін Қостанай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментіне немесе ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми ресурстарына жүгінуге болады.
Қостанай қаласы, 2025 жылғы маусым