КЕДЕН ҚОЙМАСЫ КЕДЕНДІК РӘСІМІ
333-бап. Кеден қоймасы кедендік рәсімінің мазмұны
Белгіленген мерзім ішінде кедендік баждар, салықтар төленбей және тарифтік емес реттеу шаралары қолданылмай шетелдік тауарлар кеден қоймасында кедендік бақылаумен сақталатын кездегі кедендік рәсім кеден қоймасы болып табылады.
334-бап. Тауарларды кеден қоймасы кедендік рәсімімен
орналастыру шарттары
1. Кеден қоймасының кедендік рәсімімен: жарамдылық және (немесе) өткізілу мерзімі оларды кеден қоймасының кедендік рәсіміне сәйкес кедендік декларациялау күніне күнтізбелік бір жүз сексен күннен аз мерзімді құрайтын тауарларды; тізбесі Комиссияның шешімімен айқындалатын тауарларды қоспағанда, кез келген шетелдік тауарлар орналастырылуы мүмкін.
2. Кеден қоймасының кедендік рәсімімен бұрын өзге кедендік рәсімдермен орналастырылған тауарлар орналастырылуы мүмкін.
3. Кеден қоймасының кедендік рәсімімен осы Кодексте көзделген жағдайларда уақытша әкелудің немесе кедендік аумақта қайта өңдеудің кедендік рәсімдерінің қолданылуын тоқтата тұру мақсатында шетелдік тауарлар орналастырылуы мүмкін.
4. Көлемінің үлкендігіне орай, кеден қоймасына орналастыру мүмкін болмайтын, бұған кеден органының жазбаша нысандағы рұқсаты болған кезде, тауарларды кеден қоймасына іс жүзінде орналастырмай, кеден қоймасы кедендік рәсімімен орналастыруға жол беріледі.
Тауарларды кеден қоймасына іс жүзінде орналастырмай осы кедендік рәсіммен қойған кезде осы Кодекстің 16-тарауына сәйкес кедендік баждардың, салықтардың төленуін қамтамасыз ету ұсынылады.
335-бап. Тауарларды кеден қоймасында сақтау мерзімі
1. Тауарларды кеден қоймасында сақтау мерзімі тауарларды кеден қоймасының кедендік рәсімімен орналастырған күннен бастап үш жылдан аспайды.
2. Жарамдылық және (немесе) сату мерзімі шектеулі тауарлар көрсетілген мерзім аяқталғанға дейін күнтізбелік бір жүз сексен күннен кешіктірілмей өзге кедендік рәсіммен орналастырылуға тиіс.
3. Кеден қоймасында сақталу мерзімі өткен тауарларды кеден органдары осы Кодекстің 26-тарауына сәйкес ұстайды.
4. Тауарларды кеден қоймасының кедендік рәсімімен бірнеше мәрте орналастырған кезде, оның ішінде осы рәсімнің декларанттары әр түрлі тұлғалар болғанда тауарларды кеден қоймасында жалпы сақтау мерзімін осы баптың 1-тармағында көзделген мерзімнен асыруға болмайды.