135-бап. Кедендік баждарды төлеу мерзімін кейінге
қалдыруды немесе бөліп-бөліп төлеуді ұсыну
туралы шешім және оның қолданылу мерзімі
1. Кедендік баждарды төлеу мерзімін кейінге қалдыруды немесе бөліп-бөліп төлеуді ұсыну туралы не оны ұсынудан бас тарту туралы шешім төлеушінің кеден ісі саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша өтініші және кеден ісі саласындағы уәкілетті орган белгілеген құжаттар берілген күннен бастап он жұмыс күнінен аспайтын мерзімде қабылданады.
Кедендік баждарды төлеу мерзімін кейінге қалдыру немесе бөліп-бөліп төлеуді ұсыну туралы өтініште көрсетілетін мәліметтер тізбесі Қазақстан Республикасының халықаралық шартында айқындалады.
2. Кедендік баждарды төлеу мерзімін кейінге қалдыру немесе бөліп-бөліп төлеуді ұсыну туралы не оны ұсынудан бас тарту туралы шешім жазбаша нысанда жасалады, оған кеден ісі саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінің не кеденнің басшысы немесе оны алмастыратын тұлға қол қояды. Осы шешім көрсетілген кеден органы кедендік баждарды төлеу мерзімін ұзарту немесе бөліп-бөліп төлеуді ұсыну туралы шешімді қабылдаған күннен кейінгі келесі күннің аяқталуынан кешіктірілмей төлеушіге жіберіледі.
Кедендік баждарды бөліп-бөліп төлеуді ұсыну туралы шешімге бөліп-бөліп төлеуді ұсынған кеден органының келісімі бойынша төлеуші жасаған кезең-кезеңмен төлеу кестесі қоса беріледі. Көрсетілген кесте кедендік баждарды төлеу мерзімін белгілейді және осы шешімнің ажырамас бөлігі болып табылады.
3. Төлеу мерзімін кейінге қалдыруға немесе бөліп-бөліп төлеуге мәлімделген кедендік баж сомасын есептеп шығару үшін Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес белгіленетін және кедендік баждарды төлеу мерзімін кейінге қалдыру немесе бөліп-бөліп төлеуді ұсыну туралы өтініш кеден органында тіркелген күні қолданыста болған валюталардың нарықтық бағамы қабылданады.
4. Кедендік баждарды төлеу мерзімін кейінге қалдыру немесе бөліп-бөліп төлеуді ұсынудан бас тарту туралы шешімде мұндай бас тартудың себебі туралы мәлімет қамтылуға тиіс.
Кедендік баждарды төлеу мерзімін кейінге қалдыру немесе бөліп-бөліп төлеуді ұсыну туралы шешім Қазақстан Республикасының халықаралық шартында айқындалған жағдайларда жойылуға жатады. Бұл ретте мұндай шешімді жойған кеден органы кедендік баждарды төлеу мерзімін кейінге қалдыру немесе бөліп-бөліп төлеуді алу туралы өтініш берген тұлғаны жазбаша нысанда хабардар етеді.