«Оңалту немесе банкроттық рәсiмiн қолдану үшін
сотқа жүгіну негiздерi»
Кредитордың борышкердi банкрот деп тану немесе оңалту рәсімін қолдану туралы өтінішпен сотқа жүгiнуi үшін борышкердiң төлем қабiлетсiздiгi негiз болып табылады.
Борышкер мына шарттардың бірі және одан көбі басталған кезде төлемге қабілетсіз болып табылады:
- өмір мен денсаулыққа келтірілген зиянды өтеу, алименттерді өндіріп алу, еңбекақы төлеу, еңбек шарттары бойынша өтемақылар, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар, міндетті зейнетақы жарналары және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары жөніндегі, сондай-ақ авторлық шарттар бойынша сыйақылар жөніндегі кредиторлар алдындағы міндеттемелері оларды орындау мерзімі басталған кезден бастап үш ай ішінде орындалмаған және республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген бір жүз айлық есептік көрсеткіштен кем емес соманы құрайды;
- салық берешегі бойынша борышкердің филиалдары мен өкілдіктерінің берешегін қоса алғанда, салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша кредитор алдындағы міндеттемелері оларды орындау мерзімі басталған кезден бастап төрт ай ішінде орындалмаған және республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген бір жүз елу айлық есептік көрсеткіштен кем емес соманы құрайды;
- өзге кредиторлар алдындағы міндеттемелері оларды орындау мерзімі басталған кезден бастап үш ай ішінде орындалмаған және жиынтығында дара кәсіпкерлер үшін – республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген үш жүз айлық есептік көрсеткіштен кем емес соманы, заңды тұлғалар үшін – республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген бір мың айлық есептік көрсеткіштен кем емес соманы құрайды.
Осы тармақтың талаптары жоқ борышкерді банкрот деп тану туралы өтініш беру жағдайларына қолданылмайды.
Борышкердiң төлем қабілетін қалпына келтiру мүмкiндiгi болмаған кездегі төлем қабiлетсiздiгi өзiн банкрот деп тану туралы өтiнiшпен сотқа жүгiнуiне негiз болып табылады.
Борышкердiң төлем қабілетін қалпына келтiру мүмкiндiгi болған кездегі төлем қабiлетсiздiгi немесе борышкерге таяу он екi айда ақшалай мiндеттемелердi орындау мерзiмi басталған кезде оларды орындайтындай күйде болмайтын төлем қабiлетсiздiгі қаупiнiң төнуi оның оңалту рәсiмiн қолдану туралы өтiнiшпен сотқа жүгiнуiне негiз болып табылады.
Қостанай қаласы бойынша МКБ