Жарияланған күні: 19.08.2022 18:25
Өзгертілген күні: 19.08.2022 18:27

Әкімшілік  полиция  және Мемлекеттік кірістер органдарының бірлескен іс-шаралар жоспары шеңберінде Полиция департаментімен бірлесіп, шет мемлекеттердің аумақтарында тіркелген жеке пайдалануға арналған автокөлік құралдарын әкелу мәселелері бойынша Еуразиялық экономикалық одақтың және Қазақстан Республикасының кеден заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында,  уақытша әкелінген шетелдік көлік құралдарына қатысты  кеден  заңнамасындағы құқық бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу бойынша рейдтер жүргізілуде.

Тәжірибе көрсеткендей, Грузиядан, Әзірбайжаннан, Моңғолиядан және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер болып табылмайтын басқа елдерден жеке пайдалануға арналған шетелдік көлік құралдарын әкелу жағдайлары  тұрақты  сипатқа ие болады.

Кеден заңнамасында көрсетілген көлік құралдарын әкелу кезінде жеке тұлғалар кедендік төлемдер мен салықтарды төлеуден босатылатыны регламенттелген.  Алайда  оларды  уақытша әкелу мерзімі бір жылдан аспайды, содан кейін автокөлік  Еуразиялық экономикалық одақ аумағынан кетуге тиіс.

Мұндай  көлік  құралдарына  меншік құқығын беруге немесе иеліктен шығаруға, оның ішінде сенімхат бойынша сатуға тыйым салынады. ЕАЭО аумағында  осы  көлік  құралын  басқару  құқығына  тек  декларанттың өзі, яғни жолаушылардың кедендік декларациясында көрсетілген тұлға ғана ие болады.

Қазақстан  Республикасының  аумағында  уақытша әкелінген көлік құралдарын сатып алуға және пайдалануға тек кедендік тазартудан және тиісінше тиесілі кедендік баждар мен салықтар төленгеннен кейін ғана жол беріледі.

Кедендік  тазартудан  өтпеген  уақытша  әкелінген  шетелдік  көлік  құралдарын Қазақстан Республикасының азаматтары сатып алу немесе  басқару фактілері анықталған жағдайда, бұндай  көлік  құралдары   тоқтатылып  кідіртіледі  және уақытша сақтау қоймаларына орналастырылады,  ал көлік құралын  басқаратын  адамдар  әкімшілік  жауапқа  тартылады.

Қазақстан Республикасының заңнамасында өздеріне қатысты кедендік төлемдер мен салықтар бөлігінде кедендік жеңілдіктер берілген, Қазақстан Республикасы  Мемлекеттік  кірістер органының рұқсатынсыз пайдаланылатын немесе иеліктен шығарылатын тауарлар мен көлік құралдарын сатып алғаны, пайдаланғаны немесе оларға билік еткені үшін  «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы  Кодексінің 552-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілік  қарастырылған.

Құқық  бұзушыларды  әкімшілік  жауапкершілікке  тартқаннан  кейін ұсталған шетелдік  көлік құралдары  заңнамада белгіленген тәртіппен ЕАЭО аумағынан тыс жерлерге  әкетіледі.