
Құрметті СЭҚ қатысушылар!
Қостанай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті, Қазақстан Республикасының Президенті Қ. К. Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2024 жылғы 19 сәуірдегі № 74-VIII ҚРЗ Заңына қол қойды, оған сәйкес Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі "Шекпейтін темекі өнімдерінің , электрондық тұтыну жүйелерінің (вейптердің), олар үшін хош иістендіргіштер мен сұйықтықтардың айналымы» 301-1-бабымен толықтырылғанын хабарлайды. Танысу үшін Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 301-1-бапты енгізу бөлігінде 2024 жылғы 19 сәуірдегі № 74-VIII ҚРЗ Заңынан үзінді орналастырамыз. Қосымша: 2024 жылғы 19 сәуірдегі № 74-VIII ҚРЗ Заңы 2 парақта.
Кедендік бақылау басқармасы
Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы
Қазақстан Республикасының Заңы 2024 жылғы 19 сәуірдегі № 74-VIII ҚРЗ
1-бап. Қазақстан Республикасының мына заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
2014 жылғы 3 шілдедегі Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне:
1) 3-баптың 3) тармағындағы "214-бапта" деген сөздер "214 және 301-1-баптарда" деген сөздермен ауыстырылсын;
2) мынадай мазмұндағы 301-1-баппен толықтырылсын:
"301-1-бап. Шегілмейтін темекі бұйымдарының, электрондық тұтыну жүйелерінің (вейптердің), оларға арналған хош иістендіргіштер мен сұйықтықтардың айналымы
Шегілмейтін темекі бұйымдарын, электрондық тұтыну жүйелерін (вейптерді), оларға арналған хош иістендіргіштер мен сұйықтықтарды сату және тарату –
екі жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не елу тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
Шегілмейтін темекі бұйымдарын, электрондық тұтыну жүйелерін (вейптерді), оларға арналған хош иістендіргіштер мен сұйықтықтарды әкелу, өндіру –
мүлкі тәркіленіп немесе онсыз, екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген іс-әрекеттер, егер:
1) оларды қылмыстық топ жасаса;
2) олар аса ірі мөлшерде кіріс алумен ұштасса;
3) бірнеше рет жасалса, –
мүлкі тәркіленіп, бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бір мың екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады."