Жарияланған күні: 01.08.2016 17:20
Өзгертілген күні: 01.08.2016 17:21

Жеке тұлғалардың көлік салығы туралы

 

         Салық төлеушi салық салу объектiлерiн, әрбiр көлiк құралы бойынша салық мөлшерлемесін негiзге ала отырып, салық кезеңi үшiн салық сомасын өз бетінше есептейдi. Жеке тұлғалар белгіленген мерзімде салықты төлемеген немесе толық төлемеген жағдайда, кіріс органдары көлік құралдарын есепке алуды және тіркеуді жүзеге асыратын уәкілетті органдар ұсынатын мәліметтер негізінде салықты есептеуді жүргізеді.

Қазақстан Республикасы Салық Кодексінің 365 бабы 3 тармағына сәйкес көлік құралы салығынан төмендегі жағдайда босатылады:

1) ауыл шаруашылығы өнімін, акваөсіру (балық өсіру шаруашылығы) өнімін өндіруші заңды тұлғалар, сондай-ақ өзінің өндіру процесінде Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тізбеге енгізілген мамандандырылған ауыл шаруашылығы техникасының ауыл шаруашылығы өнімін пайдалану бойынша шаруа немесе фермер қожалығының басшысы және (немесе) мүшелері;

2) салық салынатын табысына осы Кодекстің 147-бабының 2-тармағында белгіленген мөлшерлеме бойынша салық салынатын, жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібін қолданатын, ауыл шаруашылығы өнімін, акваөсіру (балық өсіру шаруашылығы) өнімін өндіруші заңды тұлғалар, сондай-ақ шаруа немесе фермер қожалығының басшысы және (немесе) мүшелері Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген қажеттілік нормативтері шегінде жеңіл және жүк көлік құралдары бойынша;

3) мемлекеттік мекемелер;

3-1) қозғалтқышының көлемі 3000 текше сантиметрден аспайтын бір жеңіл автокөлік және бір автобус бойынша – осы Кодекстің 134-бабының 1-тармағына сәйкес келетін мүгедектердің қоғамдық бірлестіктері;

4) салық салу объектiсi болып табылатын бiр автокөлiк құралы бойынша – Ұлы Отан соғысына қатысушылар және оларға теңестiрiлетiн адамдар, Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мінсiз әскери қызметi үшiн бұрынғы КСР Одағы ордендерiмен және медальдарымен наградталған адамдар, сондай-ақ 1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемінде алты ай жұмыс істеген (қызмет еткен) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мінсiз әскери қызметi үшiн бұрынғы КСР Одағы ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдар, Кеңес Одағының батырлары мен Социалистiк Еңбек ерлерi, «Халық қаhарманы», «Қазақстанның Еңбек Ері» атақтарына ие болған, үш дәрежелі Даңқ орденiмен және «Отан» орденiмен наградталған адамдар, «Батыр ана» атағына ие болған немесе «Алтын алқа» не «Күмiс алқа» алқаларымен наградталған көп балалы аналар;

5) салық салу объектiсi болып табылатын бiр автокөлiк құралы бойынша – меншiгiнде мотоколяскалары мен автомобильдерi бар мүгедектер;

6) салық салу объектісі болып табылатын бір автокөлік құралы бойынша - Кеңес Одағының батырлары мен Социалистік Еңбек Ерлері, «Халық қаhарманы», «Қазақстанның Еңбек ері» атақтарына ие болған, Даңқ орденінің үш дәрежесімен және «Отан» орденімен наградталған адамдар, «Ардақты ана» атағын алған, «Алтан алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған көп балалы аналар.

7) ауыл шаруашылығы құралымынан шығу нәтижесiнде пай ретiнде алынған, пайдалану мерзiмi жетi жылдан асқан жүк автомобильдерi бойынша жеке тұлғалар көлiк құралдары салығын төлеушiлер болып табылмайды.

 

Жеке тұлғалар салық төлеуді тұрғылықты жері бойынша жүргізеді

 

         Жеке тұлғалар сатып алу кезінде Қазақстан Республикасында есепте тұрмаған көлiк құралын сатып алған кезде салық сомасын көлiк құралына меншiк құқығы туындаған айдың бірінші күнiнен бастап салық кезеңiнiң соңына дейiнгi немесе меншік құқығы тоқтатылған айдың бірінші күніне дейінгі кезең үшiн есептейді.

Иелерінен айдап әкетілген және ұрланған деп саналған көлік құралдарын тіркеу саласындағы уәкілетті мемлекеттік органда көлік құралын есептен шығару кезінде көлік құралына іздеу салу кезеңінде салық төлеуден босату үшін осы негіз бойынша көлік құралын есептен шығарылғанын растайтын құжат негіз болып табылады.

Көлік құралының пайдаланылу мерзімі көлік құралдарының паспортында көрсетілген шығарылған жылы негізге алына отырып есептеледі. Жүк және арнайы автомобильдер бойынша салықты есептеу үшін көлік құралын пайдалану жөніндегі нұсқаулықта және (немесе) нұсқауда көрсетілген көлік құралының жүк көтергіштігінің көрсеткіші пайдаланылады. Егер көлік құралын пайдалану жөніндегі нұсқаулықта (нұсқауда) жүк көтергіштігінің көрсеткіші көрсетілмесе, ол көлік құралының рұқсат етілген ең жоғарғы массасы мен көлік құралының жүктемесіз массасы (жабдықталған көлік құралының массасы) арасындағы айырма ретінде есептеледі.

Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген жеңіл автомобильдерді әкелу күні оларды бастапқы мемлекеттік тіркеу күні болып есептеледi.

         Жеке тұлғалар үшін бюджетке салық төлеу мерзімі салық кезеңінің 31 желтоқсанынан кешіктірілмейтін күн болып табылады. Салықты төлеу салық салу объектісінің тіркелген орны бойынша жүргізіледі.

        Тағы да бір айта кететін нәрсе ол, бүгінгі күні кірістер органдарымен көлік салығын төлемей жүрген салық төлеушілердің мәліметін мәжбүрлі түрде өндіру мақсатында сотқа жолдау жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

 

 

Қостанай қаласы бойынша МКБ