Date of publication: 29.03.2019 08:56
Date of changing: 29.03.2019 08:58

Қостанай қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы бақылау шоты қосылған құн салығын төлеуші Қазақстан Республикасының аумағындағы екінші деңгейдегі банкте ашқан және қосылған құн салығы бойынша есеп айырысулардың қозғалысын есепке алу үшін, оның ішінде:

      импортқа және бейрезидент үшін қосылған құн салығын қоса алғанда, бюджетке қосылған құн салығын төлеу;

      тауарларды берушілерге қосылған құн салығын төлеу;

      тауарларды сатып алушылардың (алушылардың) қосылған құн салығын төлеу;

      қосылған құн салығын төлеушінің өзге банктік шотынан ақшаны есепке жатқызу үшін пайдаланатын банктік шот болып табылады.

Қосылған құн салығының сомасы бойынша есеп айырысу қосылған құн салығын төлеушілер арасында бақылау шоттарын пайдалану арқылы жүргізіледі.

      Бұл ретте бақылау шотын пайдалану құқығына электрондық шот-фактуралардың ақпараттық жүйесіне қатысушылар болып табылатын қосылған құн салығын төлеушілер ие болады.

      Егер тауарларды сатып алушы қосылған құн салығын төлеуші болып табылмаса, қосылған құн салығының сомасы бойынша есеп айырысу оның банктік шотынан тауарды берушінің бақылау шоты болып табылмайтын өзге банктік шотына жүргізіледі. Бұл ретте бақылау шотын пайдаланатын тауарды беруші қосылған құн салығының мұндай сомасын өзінің бақылау шотына есепке жатқызуға құқылы.

қосылған құн салығының асып кету сомасын қайтаруға:

      1) сатып алынған (алынған) тауарларды (лизинг нысаналарын) басқа тауарларды өндіруде пайдаланатын салық төлеушілер құқылы. Сатып алынған (алынған) тауарлардың (лизинг нысандарының) тізбесін уәкілетті органмен және мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті орган агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті органмен бірлесіп бекітеді.

      Осы тармақшада көрсетілген сатып алынған (алынған) тауарлар (лизинг нысаналары) сатып алынған (алынған) күннен бастап екі жыл ішінде одан әрі өткізілуге жатпайды;

      2) тауарларды экспортқа өткізетін;

      3) халықаралық ұшуларды, халықаралық әуе тасымалдарын орындайтын шетелдік авиакомпанияларға әуе кемелеріне құю үшін жанар-жағар май материалдарын өткізетін;

      4) салық төлеуші өзі өндірген немесе қайта өңдеу мақсатында меншігіне сатып алған шикізаттан өндірілген тазартылған алтынды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне өткізетін;

      5) арнайы экономикалық аймақтар құру мақсаттарына сай келетін қызметті жүзеге асыру кезінде толық тұтынылатын тауарларды арнайы экономикалық аймақ аумағына өткізетін салық төлеушілер құқылы.

Қосылған құн салығын төлеуші бақылау шотын пайдаланып және пайдаланбай сатып алған және өткізген тауарлар бойынша қосылған құн салығының сомалары бойынша бөлек есепке алуды жүргізеді.

Салық төлеушілер сатып алған (алған) тауарлар бойынша қосылған құн салығының асып кету сомасын қайтару үшін растайтын құжаттар мыналар болып табылады:

тауарды беруге арналған шарт (лизинг шарты);

тауарды (лизинг нысанасын) алғанын растайтын құжаттардың көшірмелері; 

 тауардың (лизинг нысанасының) тиеп-жөнелтілгенін растайтын, тауарға ілеспе құжаттардың көшірмелері; 

 сатып алынған тауар (лизинг нысанасы) үшін өнім берушінің бақылау шотына қосылған құн салығы сомасының аударылу фактісін растайтын құжат.

Тексеру нәтижелерімен расталған қосылған құн салығының асып кету сомасын қайтару бақылау шотын пайдаланатын қосылған құн салығын төлеушіге он бес жұмыс күні ішінде жүргізіледі.

 

 

Қостанай  қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы