Date of publication: 20.07.2016 10:52
Date of changing: 20.07.2016 10:56

      129-бап. Кедендік баждарды, салықтарды төлеу
               жөніндегі міндеттің туындауы және
               тоқтатылуы. Кедендік баждарды, салықтарды
               төлемеу жағдайлары

      1. Кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттер осы Кодекстің 130253258270298315318331332341354365378387394404411 және 472-баптарына сәйкес туындайды.
      2. Кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттер мынадай:
      1) осы Кодексте белгіленген мөлшерлерде кедендік баждар, салықтар төленген немесе өндіріп алынған;
      2) осы тауарларды пайдалану және (немесе) оған билік ету жөніндегі шектеулермен ұштаспаған кедендік баждарды, салықтарды төлеу бойынша жеңілдіктерді бере отырып, тауарлар ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен орналастырылған;
      3) авария салдарынан немесе еңсерілмейтін күштің әсерінен не тасудың (тасымалдаудың) және (немесе) сақтаудың қалыпты жағдайы кезіндегі табиғи шығын нәтижесінде шетел тауарлары жойылған (қайтарымсыз жоғалған);
      4) егер кедендік баждардың, салықтардың төленбеген сомасының мөлшері кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттер туындаған кезде қолданыста болған Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес белгіленетін валюталардың нарықтық бағамы бойынша бес евроға балама сомадан аспаған;
      5) егер кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндет тауарларды мемлекет пайдасына бас тарту кедендік рәсімімен орналастыруға кедендік декларация тіркелгенге дейін туындаса, тауарлар осы кедендік рәсіммен орналастырылған;
      6) тауарлар мемлекет меншігіне айналдырылған;
      7) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тауарлардан, оның ішінде тауарлар құны есебінен өндіріп алынған;
      8) мәлімделген кедендік рәсімге сәйкес тауарларды осы кедендік рәсімге орналастыруға кедендік декларацияны тіркеген кезде туындаған кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттерге қатысты тауарларды шығарудан бас тартылған;
      9) осы Кодексте айқындалған тәртіппен оны өндіріп алу үмітсіз деп танылған және есептен шығарылған;
      10) осы Кодексте кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттерді тоқтату байланыстырылатын мән-жайлар туындаған жағдайларда тоқтатылады.
      3. Кедендік баждар, салықтар:
      1) тиісті кедендік рәсім талаптары сақталған кезде, осындай төлеуді көздемейтін кедендік рәсімдермен тауарларды орналастыру кезінде;
      2) жеке пайдалануға арналған тауарларды қоспағанда, кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттер туындаған кезде қолданыста болған Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес белгіленетін нарықтық валюта бағамы бойынша жалпы кедендік құны екі жүз евроға баламалы сомадан аспайтын, бір көлік (тасымалдау) құжаты бойынша бір жөнелтушіден бір алушының мекенжайына тауарларды әкелу кезінде;
      3) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында белгіленген жағдайларда тауарларды жеке пайдалану үшін өткізу кезінде;
      4) егер осы Кодекске және (немесе) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес тауарлар кедендік баждар, салықтар салудан босатылса (кедендік баждар, салықтар салынбаса) және осыған байланысты босату берілу талаптары сақталған кезде төленбейді.
      4. Осы Кодекстің 306-бабының 1-тармағының 15) және 16) тармақшаларында көрсетілген кедендік рәсімдермен тауарларды орналастыру кезінде кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттердің туындауы мен тоқтатылуы Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында айқындалады.