Жарияланған күні: 15.11.2016 11:09
Өзгертілген күні: 15.11.2016 11:11

279-бап. Тауарларға арналған декларация

      1. Кедендік транзит кедендік рәсімін қоспағанда, кедендік рәсімдерге орналастыру кезінде кеден органына тауарларға арналған декларация табыс етіледі.
      2. Тауарларға арналған декларацияда, оның ішінде кодталған түрде мына негізгі мәліметтер көрсетіледі:
      1) мәлімделетін кедендік рәсім;
      2) декларант, кеден өкілі, тауарды жөнелтуші және алушы туралы мәліметтер;
      3) тауарларды халықаралық тасымалдау үшін пайдаланылатын көлік құралдары және (немесе) оларды Кеден одағының кедендік аумағы арқылы кедендік бақылаумен тасымалдау туралы мәліметтер;
      4) халықаралық тасымалдау көлік құралдары және (немесе) олармен тауарлар Кеден одағының кедендік аумағы арқылы кедендік бақылаумен тасымалданған (тасымалданатын) көлік құралдары туралы мәліметтер;
      5) тауарлар туралы мәліметтер:
      атауы;
      сипаты;
      Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасы бойынша тауарлардың сыныптау коды;
      шығарылған елінің атауы;
      жөнелткен (жеткізу межеленген) елдің атауы;
      орамдардың сипаты (саны, түрі, таңбалануы және реттік нөмірлері);
      килограм (брутто салмағы және нетто салмағы) және басқа да өлшем бірліктеріндегі мөлшері;
      кедендік құн;
      статистикалық құн;
      6) кедендік төлемдер мен салықтарды есептеу туралы мәліметтер:
      кедендік төлемдер мен салықтардың ставкалары;
      кедендік төлемдер мен салықтарды төлеу бойынша жеңілдіктерді қолдану;
      есептелген кедендік төлемдер мен салықтардың сомалары;
      Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес белгіленетін және осы Кодекске сәйкес кедендік төлемдер мен салықтарды есептеу үшін қолданылатын валюталардың нарықтық бағамы;
      7) сыртқы экономикалық мәміле және оның негізгі шарттары туралы мәліметтер;
      8) шектеулерді сақтау туралы мәліметтер;
      9) тауарларды өндіруші туралы мәліметтер;
      10) тауарларды кедендік рәсіммен орналастыру шарттарын сақтауды растайтын мәліметтер;
      11) осы Кодекстің 281-бабына сәйкес ұсынылатын құжаттар туралы мәліметтер;
      12) тауарларға арналған декларацияны жасаған тұлға туралы мәліметтер;
      13) тауарларға арналған декларацияны жасау орны және күні.
      3. Тауарларға арналған декларацияны электрондық құжат түрінде берген кезде, тауарларға арналған декларацияның жазбаша нысанын ұсыну талап етілмейді.