Жарияланған күні: 31.10.2023 16:40
Өзгертілген күні: 31.10.2023 16:41

Халықтың шамадан тыс кредиттелу проблемасын шешу тетіктерінің бірі, жеке тұлғалардың банкроттығы мен төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолдану болып табылады. Бұл туралы ҚР Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов ОКҚ-де өткен баспасөз конференциясы барысында хабарлады.
Оның ішінде неғұрлым сұранысқа ие болып отырғаны - соттан тыс банкроттық рәсімі. Оны тек банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздар бойынша қолдануға болады.
Азаматтар өтініштерді Халыққа қызмет көрсету орталықтарында, электрондық үкімет порталы арқылы (eGov.kz.), сондай-ақ Е-salyq Аzamat немесе eGov Mobile мобильді қосымшалары арқылы бере алады.
Жеке тұлғалардың банкроттығы бойынша «Qoldau» деп аталатын жаңа ақпараттық жүйе іске қосылды.
Бұл ақпараттық жүйе арқылы өтініш беру мүмкіндігін және өтініш берушінің тиісті критерийлерге сәйкестігін 24 мемлекеттік органдар мен ұйымдардың базалары арқылы автоматты түрде тексеруге болады.
Ағымдағы жылдың 3-ші наурызынан бастап 70 мың өтініш келіп түсті. Оның 80 пайыздан астамы банкроттық рәсімге сәйкес келмейтіні анықталды (56,4 мың өтініш).
Негізгі себептері: жеке басында мүліктің болуы, борышкердің қарыз сомасы мен төлем мерзімі бойынша сәйкессіздік және кредитормен борышты дұрыс реттемеу болып табылады.
Нәтижесінде, бүгінгі таңда 9 млрд. теңгеден астам борыш сомасына 6 мыңнан астам азамат банкрот деп танылды.
Сот арқылы банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолдану үшін соттарға 1 200-ге жуық азамат жүгінген.
Әрине, банкроттыққа ұшырау барлық мәселені шешпейді.
Бұл, үмітсіз қарыздан құтылуға мүмкіндік беретін рәсімдердің белгілі салдары бар. Көбісі оларды жақсы біледі (несие алуға тыйым салу (5 жыл), қаржылық жағдайды бақылау (3 жыл) және т.б.).