Жарияланған күні: 31.10.2023 16:43
Өзгертілген күні: 31.10.2023 16:44

Банкроттық туралы заңнамаға енгізілуге жоспарланған өзгерістермен ҚР Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов ОКҚ-де өткен баспасөз конференциясы барысында бөлісті.
Жекелеген борышкерлер кейбір заңнамалық кедергілердің салдарынан банкроттық рәсімін кеңінен қолдана алмай отыр (кредитормен қарызды алдын-ала реттеу міндеттілігі, шетелге шығуға тыйым және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі кезінде ұзақ уақытқа төлем мерзімінің өтуіне байланысты). Сондай-ақ мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардың дерекқорларындағы мәліметтердің өзектілігінің болмауына байланысты (дерекқорлардағы мәліметтердің толықтығы мен «тазалығы» үшін жауапты олардың иелері – мемлекеттік органдар болады) қолдана алмау фактілері де бар.
Осыған байланысты бүгінгі таңда заңнамалық өзгерістер енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде:
1) соттан тыс банкроттыққа жататын қаржы ұйымдарының тізбесін кеңейту (сондай-ақ уәкілетті органның лицензияларынан айырылған, оның ішінде таратылған қаржы ұйымдарының міндеттемелерін қосу);
2) азаматтарды соттан тыс банкроттықты қолдану туралы өтінішке қосымша құжаттарды қоса беру міндетінен босату (қажетті мәліметтерді тиісті ұйымдардың дерекқорынан алу жоспарлануда);
3) төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспары бекітілгеннен кейін борышкердің шетелге шығуына тыйымды алып тастау (қолданыстағы нормаларға сәйкес тыйым жоспарды орындаудың барлық кезеңіне – 5 жылға белгіленген).